Елімізде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуге жол берілмейді – заң жобасы

Жарияланды
Қылмыстық істерді негізсіз тіркеуге тыйым салынады /Фото: kursiv.media

Енді кәсіпкерлік субъектілерді ревизиялау және тексеру үшін прокурормен міндетті түрде келісу қажет. Сонымен қатар азаматтардың қылмыстық істерін негізсіз тіркеуге тыйым салынады. Осылай деп мәлімдеген Әділет министрі Азамат Есқараев еліміздегі азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасын таныстырды.

Мәжілістің жалпы отырысында  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және  Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.

Қоғамның конституциялық құндылықтары мен қылмыстық-құқықтық қорғауды күшейтуді көздейтін заң жобасында 3 негізгі мәселе қамтылған. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту, қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайту және  қылмыстық процесті оңтайландыру және «бюрократиясыздандыру».

Заң жобасын таныстырған министр азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтетін шаралар жайлы түсіндіріп берді. Аталған санаттағы азаматтардың құқығын қорғайтын бірнеше бағыт бар:

 – азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау;

– бұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау;

– кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу;

– тінту, жеке тінту және алуды жүзеге асыру бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу;

– бұрын «қорғалуға құқығы бар куә» ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу;

– адамдардың өліміне байланысты емес аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру;

қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқығы бар адамдар шеңберіне біріктіру;

– жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету мақсатында кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов министрге  заң жобасына қатысты бірқатар сауал жолдады.

«Іс жүзінде қылмыстық істерді тергеу органдары тәуелсіз зерттеулерде расталмаған мәліметтерді көрсетіп, рапорт беру арқылы қылмыстық іс қозғайды. Кей жағдайда бұл азаматтардың құқығын бұзуға алып келеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болады? Азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін қандай пәрменді тетіктер көзделеді?», – деді депутат.

Депутат сұрағына жауап берген Азамат Есқараев  аталған заң жобасы елдегі қылмыс индексінің төмендеуіне ықпал ететінін айтты.

«Сондықтан біз құқық қорғау органдарына баянаты негізінде егер қылмыстық әрекет салдарынан экономикалық шығын келтірілмегені, оны дәлелдейтін құжаттар болмаса, онда осы баянат негізінде қылмыстық істі қозғауға рұқсат берілмейді деген заңда нақты шектеу қойылып отыр. Біздің ойымызша, бұл сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде баянатты тіркеуге жол бермейді және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ еліміздегі қылмыс индексінің төмендеуіне ықпал етеді», – деп түсіндірді Азамат Есқараев.

Сондай-ақ оқыңыз