ЕуроОдақ «Яндекс» негізін қалаушы Аркадий Воложға қарсы санкцияларды алып тастады

Жарияланды
«Яндекс» негізін қалаушымен бірге тізімінен тағы бірнеше адам шығарылды / Фото: коллаж kursiv.media

Еуропалық Одақ «Яндекс» компаниясының негізін қалаушы Аркадий Воложды санкция салынған тұлғалар тізімінен шығарды. Бұл туралы Еуропалық кеңес хабарлады.

Кәсіпкер ЕО тізіміне 2022 жылы енгізілді

Аркадий Волож 2022 жылдың маусымында Еуроодақтың санкцияларына ұшырады.

Содан кейін ол компаниядағы барлық негізгі қызметтерін тастап кетті. Оның санкциялар тізіміне енуі «Яндекстің» акционерлерімен байланысты. Себебі компания инвесторлары мемлекеттік «Сбер» және ВТБ банкі.

Волождан жеке шектеулерді алып тастаудың себебі 2024 жылдың ақпан айының басында голландиялық Yandex N.V. сатылымы болуы мүмкін. 2024 жылдың шілде айының соңына қарай «Яндекс» активтері  ресейлік және халықаралық болып екіге бөлінеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Тізімнен тағы кім шығарылды?

«Яндекс» негізін қалаушымен бірге тағы бірнеше адам тізімінен шығарылды:

  • АФК «Система» ресейлік инвестициялық компания бұрынғы вице-президенті Сергей Мндоянц;
  • «Ночные волки» мотоцикл клубының еуропалық бөлімшесін басқаратын Словакия азаматы Йозеф Гамблек;
  • Вагнер ПМК командирі Дмитрий Уткин (2023 жылы тамызда қайтыс болды);
  • Мемлекеттік Думаның депутаты Николай Борцов (2023 жылы сәуірде қайтыс болды);
  • Мемлекеттік Думаның депутаты Виктор Зубарев (2023 жылы мамырда қайтыс болды);
  • Қорғаныс министрінің орынбасары Геннадий Жидко (2023 жылы тамызда қайтыс болды);

Вагнер ПМК-ның бұрынғы басшысы, 2023 жылдың тамызында қайтыс болған Евгений Пригожин әлі де санкция салынған адамдар тізімінде бар.

Кәсіпкер Ресейдің Украинаға шабуылын ашық түрде айыптады

2023 жылдың тамызында Волож Ресейдің Украинаға шабуылын ашық түрде айыптады. Осы мәлімдемеден кейін екі апта өткен соң ол ЕО билігінен өзіне қарсы санкцияларды алып тастауды сұрады.

Еске сала кетсек, биылғы ақпанда Еуропалық Одақ «Ресей әскери-өнеркәсіп кешенін қолдағаны үшін» бірқатар компанияларға, соның ішінде қазақстандық компанияларға қарсы санкция салды.

Бұған дейін Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.

2023 жылы 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары бірқатар елдерге ескерту жасады. Атап айтқанда, Ұйым Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуін талап етті. Сонымен қатар тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.

Бұған дейін Астана бейтараптық пен көпвекторлық саясат аясында Батыстың шектеулеріне бағынатынын бірнеше рет атап өткен.

Тіпті 24 мамырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ», – деп ресми мәлімдеме жасады.

Бұған БАҚ бетінде жарияланған «Қазақстаннан Ресейге дрондар мен чиптер тасымалданғаны» туралы ақпарат негіз болды.

Былтыр 19 қазанда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.

Сондай-ақ оқыңыз