Алматыда алма бақтарының орнына салынған тау бөктеріндегі таунхаус сүрілді

Жарияланды
Алматыда алма бақтарының орнына салынған тау бөктеріндегі таунхаус сүрілді / Алматы қаласы ҚББ

Алматы қаласында тау бөктерінде алма бақтарының орнына салынған «Мечта» тұрғын үй кешенін сүру жұмыстары басталды.

Алматы қаласы құрылысты бақылау басқармасы хабарлағандай, нысанды сүруге қатысты соттың тергеу жұмыстары 2022 жылдан бері жүргізілген.

«Обсерватория көшесі, 104/4 мекенжайда орналасқан «Мечта» ТК салу кезінде көптеген бұзушылықтарға жол берілген, атап айтқанда тексеру кезінде 2 нүктеге рұқсат беру құжаттарының болмаған және бүкіл нысан бойынша жобадан көптеген ауытқулар анықталған», – делінген хабарламада.

Тұрғын үй кешенінің өзі тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсету жөнінде нысаналы мақсаты бар жер телімінде орналасқан. Жеке тұрғын үй ретінде салынған кешен арқылы құрылыс салушы қала тұрғындарына жалған мәлімет бере отырып, пәтерлерді сатуды жоспарлаған.

Бұған дейін басқарма ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен заңсыз құрылысты бақылауды күшейту бойынша бірлескен жұмыс аясында нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын.

2022 жылдың 1 тамызы күнгі тексеру нәтижелері бойынша тапсырыс берушіге (жеке тұлғаға) қатысты ҚР ӘҚБтК сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды және жіберілген бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілген. Алайда нұсқамалар орындалмаған.

2022 жылдың 19 қазанында Медеу аудандық сотына тұрғын үй кешенін бұзу туралы талап арыз жолданды. Соңынан ұзақ мерзімге созылған сот талқылаулары жүргізілді. 2023 жылдың 20 шілдесінде Алматы қалалық сотының шешімімен нысанды бұзуға талап қанағаттандырылды.

2024 жылы 30 қаңтарда Жоғарғы соттың қаулысымен Алматы қалалық сотының 2023 жылғы 20 шілдедегі объектіні бұзу туралы қаулысы өзгеріссіз қалды.

Айта кетейік, тұрғын үй кешені бұрын БАҚ-та жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін ұсынылмайтын нысан ретінде жарияланған. Заңнама мен құрылыс нормаларының талаптарын бұза отырып салынған таулы аймақтағы 54 нысанның тізіміне енгізілген.

Алматыдағы алма бақтары қайда?

Алматы маңындағы алма бақтар сатылып кеткені туралы мәселені 2023 жылы маусым айында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көтергені есімізде.

«Алматыдағы «Таулы қырат» деген жерде 3 гектар алма бағы оталып жатыр. 15 жылда Виктор Храпунов, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Бақытжан Сағынтаевтың заңсыз қаулылары салдарынан алма бағының 70%-нан айырылдық», – деген Бақытжан Базарбек.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2022 жылы 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған.

«2023 жылы 1,3 млн гектар жерді мемлекетке қайтарып жатырмыз. Оның ішінде қанша алма бағы бар екенін қазір нақты айта алмаймын. Мұның ішінде алма бағы бар екеніне күмәнім жоқ», – деген сол кездегі АШМ министрі Ербол Қарашөкеев.

Ғалым Сәуле Қазыбаеваның сөзінше, аталған алма бақтары ұжымдық шаруалардың, колхоз, совхоздардың меншігінде болды. Сондықтан ол жерлерде бақтарды күтіп-баптайтын мамандар, агрономдар, бағбандар болды. Ол табиғи бақ емес, егілген және ұдайы күтім жасалған алқаптар еді.

Сондай-ақ оқыңыз