Қошанов Ресей Парламенті төрағасымен Қазақстан туралы түрлі мәлімдеме жасайтын депутаттардың мәселесін талқылады

Жарияланды
Қошанов Ресей Парламенті төрағасымен Қазақстан туралы түрлі мәлімдеме жасайтын депутаттардың мәселесін талқылады / parlam.kz

Қазақстан Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов Ресейге сапары барысында Ресей федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен ресейлік депутаттардың Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты арандатушылық мәлімдемелерін талқылаған. Бұл туралы Қошанов Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында айтты.

Мәжіліс кулуарында журналистердің «Ресейге қандай мақсатпен бардыңыз» деген сауалына жауап беру кезінде Қошанов бұл тақырыпты өз сапары барысында көтергенін растады.

«Бұл тақырыпты біз Федерация кеңесінің төрағасы Матвиенкомен талқыладық. Ол депутаттармен тілдесуге уәде берген жоқ. Алайда бұл мәселе бойынша өзара жұмыс жасаймыз деп шештік, келістік», — деді Қошанов.

Бұған қоса, Мәжіліс төрағасы сапар барысында Ресей-Беларусь шекарасында қалған қазақстандық жүргізушілер мәселесін де көтергенін атап өтті. Алайда мәселенің шешімі туралы сөз қозғамады.

Қазақстан аумақтық тұтастығы мен Ресей депутаты

2023 жылдың қараша айында Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоровтың Қазақстан территориясына қатысты айтқан пікіріне жауап беріп, ресейлік депутат Путин қарсы саясатына қарсы шығып отырғанын айтқан еді.

«Әріптестер, ресейлік Дума депутатының Қазақстанға қатысты айтқан жағымсыз пікірін тыңдау әдетке айналды. Біздің тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызға қатысты провокациялық, жалған пікір білдіруімен танылған депутат Федоров осы жолы да дәлелсіз хайп жасап отыр», – деп бастады сөзін Бәшімов.

Оның айтуынша, Федоров Петропавлда құрылған «халықтық кеңес» мүшелеріне қатысты сот ісіне баға берген. Айта кетейік, кеңес мүшелері сепаратистік жұмыстары үшін сотталған. 

Сондай-ақ Федоров Қазақстан «территориясы заңды түрде» бекітілмегендігі туралы айтқан. Ол «Қазақстан тәуелсіздігін алғанда халықаралық нормаларды сақтамады» деген пікір білдірген.

Ал қазақстандық депутат Бәшімов ресейлік Мемлекеттік дума депутаты тарихи дәлелдерді бұрмалағанын айтты.

«Интеллектісі 13 жасар баламен тең адамның пікіріне жауап беру қиын, әрине. Бірақ мен қолдан келгенше тырысып көремін. Федоровтың сөзі тарихта қарама-қайшы. Ол дәлелдерді бұрмалап, КСРО ыдырау процесс туралы әдейі айтпай отыр. Оған қоса, Федоров өз президентінің ресми саясатына қарсы шығып отыр. Қазақстанға келген соңғы сапары кезінде Владимир Путин Қазақстан-Ресей арасындағы қарым-қатынас өзара сыйластық, тәуелсіздікті және территориялық тұтастықты мойындау мен ішкі саясатқа араласпау негізінде құрылғанын айтқан», – деді Бәшімов.

Қазақстан елімізге қарсы айтылған ресейлік депутаттардың сөзіне мән бермейді. Бұл туралы 2023 жылы шілдеде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтқан еді.

Министрлікте өткен брифингте журналист «Ресейдің Виктор Соболев деген депутаты Қазақстанда русофобия бар деп пікір білдірді. Ол Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін осы мәселені қолға алу керегін айтты. Осындай ресми тұлғалардың Қазақстандағы русофобияға қатысты мәлімдемесі көбейіп бара жатыр. Бұл Ресейде казахофобияны тудырмай ма? Сыртқы істер министрлігі осындай мәлімдемелердің тоқтаусыз болып жатқанына алаңдамай ма?», деп сұрады.

«Біз ресейлік депутаттардың мұндай сөздеріне мониторинг жүргіземіз. Қазақстанға қатысты сыртқы саясатты тек Кремль мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі жүргізеді. Біз мұндай бос сөздерге аса мән бере бермейміз. Бірақ біз өзімізге ақпарат ретінде белгілеп отырамыз», – деді Смадияров.

Сондай-ақ оқыңыз