Қазақстан Таиландпен 30 күндік визасыз режимді тұрақты негізде енгізгісі келеді

Жарияланды
Таиландқа 30 күндік визасыз режим тұрақты негізде болуы мүмкін / коллаж kursiv.media

ҚР Сыртқы істер министрлігі сынақ мерзімінен кейін Таиландпен 30 күндік визасыз режимді тұрақты негізде енгізгісі келеді.

Өткен жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың 29 ақпанына дейін қолданыста болған сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін Үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында пайда болды.

Құжатқа сәйкес, қазақстандықтар Таиландта визасыз кірген күннен бастап 30 күн алаңсыз жүре алады.

«Алайда Қазақстан азаматтары күнтізбелік 180 күннің 90 күнінен артық Таиландта болмауға тиіс», – делінген құжатта.

Елде бұдан артық болуды қалайтын азаматтар әлі де виза алуға мәжбүр болады.

Таиланд азаматтары үшін Қазақстан аумағында да осындай жағдай жасалған. Келісімде визасыз режимнің қанша уақытқа дейін ұзаратыны немесе қай айлар аралығында болатыны нақты көрсетілмеген. 

Жобаны талқылау 29 наурызға дейін жалғасады.

Таиландпен бірге Қазақстан азаматтары визасыз бара алатын елдер

Еске сала кетсек, Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан болатынбыз.

Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.

2024 жылы визасыз баруға болатын елдер:

  • 90 күнге: Албания, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Гаити, Македония, Моңғолия, Молдова, Ресей, Украина, Коста-Рика, Колумбия, және Тунис.
  • 30 күнге: Аргентина, Антигуа және Барбуда, Бразилия, Вьетнам, Куба, Мальдив аралдары, Сент-Винсент және Гренадина, Түркия, Сейшел аралдары, Сербия, Оңтүстік Кория, Тәжікстан, Өзбекстан, Эквадор, Индонезия, Малайзия, БАӘ, Черногория, Филиппин аралдары.
  • 28 күнге: Барбадос.
  • 14 күнге: Хайнань аралдары, Гонконг.
  • 5 күнге: Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген азаматтар үшін Түркіменстанның Балқан велаятына.
  • Шектеусіз мерзімге: Беларусь, Қырғызстан, Намибия.

2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.

Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан. 

Сондай-ақ оқыңыз