Қазақстан Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде 15 мың тонна мазут жіберді

Жарияланды
Қазақстан Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде 15 мың тонна мазут жіберді / shutterstock

12 наурызда Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Тәжікстанға 15 мың тонна мазут түрінде гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі жанындағы «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі хабарлады.

Ресми гуманитарлық көмек аясында Қазақстан Үкіметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Тәжікстан Республикасына 15 мың тонна мазут жеткізу туралы шешім қабылдады.

«Гуманитарлық жүктерді жеткізу «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің көмегімен жүзеге асырылады және даму, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ынтымақтастыққа, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның ғасырлар бойғы қарым-қатынастарына тән бауырластық пен өзара көмек көрсетудің көрінісі», – делінген хабарламада.

Қазақстан тарапы Тәжікстанға қаржылай есепте көрсеткен гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 2006 жылдан бастап шамамен 45 млн теңгені құрады.

Осыған дейін Қырғызстан ЖЭО-сында 2 ақпан күні болған апатқа байланысты Қазақстан гуманитарлық көмек жібергенін жазған едік.

«5 наурызда Мемлекеттік материалдық резервтен тиелген 1000 тонна дизель отыны ресми түрде Қырғыз Республикасына берілді. Гуманитарлық көмек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді. 1 000 тонна дизель отынының екінші партиясы Ыстықкөл облысындағы Балықшы станциясына жөнелтілді», –делінген хабарламада. 

Бұл көмек Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраевқа тапсырылған.

Оған дейін де Бішкек ЖЭО-сында болған апаттан кейін, Қазақстан Қырғызстанды электр энергиясымен қамтуға да көмек көрсетті. 

Бұл мәселе Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің екі ел арасындағы өзекті мәселелері бойынша телефон арқылы келіссөздері барысында талқыланған. 

Екі тарап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бішкек қаласының ЖЭО-ға қатысты жағдайды реттеуге жәрдемдесуді үйлестіру бойынша екіжақты шараларды іске асыру барысына тоқталған. 

Өз кезегінде Қырғызстанның Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның Жамбыл МАЭС-нен электр энергиясын жеткізу көлемін ұлғайтуға байланысты мәселені жедел шешкені үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз