Путин Ресейдің ядролық соғысқа дайын екенін айтты

Жарияланды
путин
Путин Ресейдің ядролық соғысқа дайын екенін айтты / Sergei Savostyanov/Pool via REUTERS

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин елдің әскери-техникалық тұрғыдан ядролық соғысқа дайын екендігін айтты.

«Әскери-техникалық тұрғыдан, әрине, дайынбыз. Олар (ядролық қару – ред.) бізде үнемі жауынгерлік дайындықта болады», – деп жауап берді Путин «РИА Новости» агенттігі мен «Россия 1» телеарнасының журналисі Дмитрий Киселевтің ядролық соғысқа қатысты сұрағына.

«РИА Новости» ақпаратына сүйенсек, Путин агенттікке берген сұхбатында АҚШ-тың өз әскерін Украинаға жібермейтіні туралы мәлімдемесіне баса назар аударған. Путиннің пікірінше, АҚШ әскері Ресейге жақын аумаққа келсе, Ресей мұны өзіне төнген қауіп деп түсінеді. Президент мұны тек Мәскеу ғана емес, Вашингтонда түсінетінін айтады.

«Мен (АҚШ президенті Джо Байден – ред.) Байден дәстүрлі саяси мектептің өкілі екенін айтқанмын. Бұл шын болып шықты. АҚШ-та Байденнен басқа Ресей-Америка қатынастары және стратегиялық тепе-теңдікті үгіттейтін мамандар жеткілікті. Сондықтан, менің ойымша, мұндай жағдайға (ядролық соғысқа – ред.) ешкім жол бермейді. Бірақ біз дайынбыз», – деді Путин.

АҚШ-тың Украинаға көмегі

Айта кетейік, 12 наурызда АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Америка Құрама Штаттары Украинаға құны 300 млн доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін жіберетінін хабарлады. Бұл биылғы жылы көрсетілетін алғашқы ірі көмек болып отыр. Осыған дейін Вашингтонның Киевке көмегін Конгресстегі республикалық партия өкілдері бұғаттап келген.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан аталмыш қаржы Пентагонның келісімшарттары бойынша күтпеген шығындарды үнемдеуден қалғанын айтты. Бұл қаржы енді артиллериялық снарядтар мен жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйелеріне (HIMARS) арналған оқ-дәрілерге жұмсалуға тиіс.

2023 жылы қарашада президент Джо Байден Израиль мен Украинаға көмекке, Тынық мұхиты аумағында Қытаймен бәсекелестікке және АҚШ-Мексика шекарасында қауіпсіздікті сақтау үшін қосымша көмекті 106 миллиард деп белгілеуді өтінген болатын.

Ядролық соғыс қаупі

Ресей немесе Белорусь тарапынан Украина аумағында ядролық жарылғыш құралды қолдану – Солтүстік альянсқа жасалған шабуыл деп саналсын. АҚШ Сенаты осындай қарар әзірлеген еді.

«Біз бүгін қарар шығардық, оның мәні мынадай: егер Ресей немесе Белорусь украин халқының жігерін жаншу үшін немесе қарсы шабуылды тоқтату үшін Украина жерінде ядролық қару жаратын болса, бұл НАТО-ға шабуыл ретінде қарастырылатын болады», – деді АҚШ сенаторы Линдси Грэм

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді 

Сондай-ақ оқыңыз