Қазақстандықтар табысының 50%-ға жуығын азық-түлікке жұмсайды – Ұлттық статистика бюросы

Жарияланды
Половину всех доходов казахстанцы тратят на еду
Ел халқы азық-түлікке 138 мың теңге жұмсайды / Коллаж kursiv.media

2023 жылдың IV тоқсанында қазақстандықтардың табыстары жан басына шаққанда орта есеппен 305 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 21,2%-ға жоғары, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Ал халықтың шығыстары жан басына шаққанда орта есеппен 277 мың  теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 12,3%-ға жоғары.

Елорда көш бастады

Өңірлер бойынша қарастырсақ, ең жоғары орташа табыс деңгейі – 430 мың теңге Астана тұрғындарына тиесілі. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент пен Түркістан облысында тіркелді. Бұл өңірлердегі табыс деңгейі орташа республикалық деңгейден 27%-ға төмен.

Қазақстандықтардың табысының басым бөлігі – 74%-ы жалақыдан, 16,8%-ы зейнетақыдан және 3,7%-ы жәрдемақыдан тұрады.

Қазақстандықтардың шығыны да артып келеді. Осылайша, халық орта есеппен тоқсанына шамамен 277 мың теңге немесе айына 92 мың теңге жұмсайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3% жоғары.

Қазақстандықтар табыстарын қандай мақсатта жұмсайды?

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, барлық кірістің басым бөлігі тұтыну шығындарына (249 мың теңге) келеді. Оның ішінде:

  • 138 мың теңге – азық-түлік тауарларына;
  • 65 мың теңге – азық-түлік емес тауарларға;
  • 46 мың теңге – ақылы қызметтерге.

Ал тоқсан сайын алиментке шамамен бес мың теңге, ал несие мен қарыздарын өтеуге 16 мың теңге қарастырады.

Осылайша, шығыстардың 50%-ға жуығы азық-түлік тауарларына жұмсалады. Бұл ретте қазақстандықтардың айына шамамен 9 мың теңге артық ақшасы қалады.

2022 жылдың төртінші тоқсанында қазақстандықтардың тұтынушылық шығындары тоқсанына 230 мың теңгені құрады. Азық-түлікке 128 мың теңгеге жуық сома жұмсалған.

Қазақстанда азық-түлік бағасы құбылып тұр

Елде күріш, жұмыртқа, жемістер мен сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Бұл жайлы Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Үкімет басшысы үкімет пен Ұлттық банктің алдында  инфляциялық қысымды төмендету мәселесі тұрғанына тоқталды. Осы жылдың алғашқы екі айында инфляция 9,3 пайыздық мәнде тұрақтаған. Биыл көрсеткішті 8 пайызға төмендету көзделген.   

«Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп», – деді премьер-министр. 

Бектенов бұған орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігі себеп болғанын айтты. 

Еске сала кетсек, 2024 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасындағы жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады. Қаңтарда көрсеткіш 9,5% болған. Бір айда инфляция үдеп, 1,1%-ды құрады. Өткен айда – 0,8% еді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының ақпандағы есебінде жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз