Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында жеке тұлғалардың салық декларациясын тапсыру нысаны мен ережелерінің жобасын жариялады. Құжатта бірнеше өзгеріс қарастырылған. Оның бірі жалпыға бірдей декларациялау мерзімін бір жылға шегеру. Сондай-ақ, жеке тұлғалар жалпы декларацияның бөлігі ретінде салық декларациясын тапсыратын екінші жылдан бастап есеп беру үшін пайдаланылатын 270.00 нысанын өзгерту ұсынылды.
Декларация жыл сайын 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тапсырылады.
Осылайша 2024 жылдан бастап:
- мемлекеттік органдардың қызметкерлері және олардың жұбайлары;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары.
2025 жылдан бастап:
- заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары;
- жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары. Бұған дейін олар декларацияны 2024 жылы тапсыруға міндеттеліп келді.
2026 жылдан бастап:
– кәмелетке толған тұлғалар;
– Қазақстан Республикасының азаматтары;
– қандастар;
– тұруға ықтиярхаты бар адамдар;
– Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар;
– бейрезиденттер болып табылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар;
– кәмелетке толмаған тұлғалар ұсынады.
Бұл ретте талап бейрезиденттер болып табылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдарға арнайы шарт бойынша белгіленген. Яғни, егер 31 желтоқсандағы жағдай бойынша құқықтары және мәмілелері Қазақстан аумағында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі және республика аумағында тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі болса ғана аталған топтағы азаматтар декларация тапсырады.
Декларациясын тапсыру нысаны мен ережелерінің жобасы 25 наурызға дейін Ашық НҚА порталында талқыланады.
Өзгерістер 2021 жылы есеп беруді бастағандарға әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары бар. Құжаттың жаңа редакциясына сәйкес, олар 2022 жылдан бастап есеп беруге міндетті.
Жобада авторлар жаңашылдық қолданыстағы тәртіпті Салық кодексінің 633-бабына сәйкес келтіру үшін қажет екенін көрсетеді.
Декларацияны қалай тапсыру керек?
- қағаз тасымалдағышта – қара немесе көк сиялы қаламмен немесе қаламұшпен, баспа әріптермен немесе баспа құрылғысын пайдалана отырып;
- электрондық тасымалдағышта – салық есептілігін қабылдау және өңдеу жүйесі арқылы жасалады.
Бірінші жылы салық төлеушілер 250-нысанды декларацияны толтырса, келесі жылдары 270-нысан бойынша декларация тапсырады.
Декларация тапсырмаса не болады?
Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі. Ал екінші ретінде 15 АЕК, толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.