2024 жылдың 20 наурызында FlyArystan тәуелсіз әуе тасымалдаушы ретінде сертификаттаудан өтеді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі күні «Эйр Астана» АҚ «Fly Arystan»» АҚ құрылымдық бөлімшесін жеке заңды тұлға ретінде бөлу бойынша жоспар әзірледі.
Бағаны негізсіз көтергендер жазаланады
Олжас Бектенов егер әуе компаниялары бағаны негізсіз көтерсе, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы шаралар қабылдайтынын айтты.
2023 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тексеруінің нәтижелері бойынша «Эйр Астана» АҚ үстем/монополиялық жағдайды теріс пайдаланғаны үшін 876 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Эйр Астана» АҚ Агенттікпен бірлесіп ішкі бағыттағы бағаларды бір қалыпты ұстауға бағытталған монополияға қарсы келісім жасасты. Жалпы, авиация саласын дамыту мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деп жазылған Бектеновтың жауабында.
Қазақстан 2025 жылы ұшқыштар мен инженерлерді даярлау үшін EASA сертификатын алуды жоспарлап отыр
Премьер-Министрдің жауабына сүйенсек, Қазақстан 2025 жылы Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінен (EASA) сертификатын алуды жоспарлап отыр. Ол ұшқыштар мен авиациялық инженерлерді оқытуға негізделген.
«Осылайша, 2025 жылы Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінен шетелдік серіктестермен ұшқыштар мен авиациялық инженерлерді даярлау үшін сертификат алу жоспарлануда. Соның ішінде Балтық авиация академиясының оқыту компаниясымен бірлесіп жұмыс істеу қарастырылған», – деді Бектенов сенаторлар тобы сауалына жауабында.
Бектенов Қазақстан азаматтық авиация академиясы авиация саласына жоғары білікті кадрларды даярлауда маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ оқу үдерісін заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықтау керек деп есептейді.
Әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланған
Бүгінгі таңда азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде 690 жеңіл және аса жеңіл ұшақ тіркелген. Оның 179-ы аэрохимиялық жұмыстарды орындайды. 126-сы халыққа медициналық көмек көрсету және санитарлық-гигиеналық іс-шараларды жүргізеді. Оның қатарында «Қазавиапас» АҚ бар.
«Шағын авиацияны дамытудың негізгі факторы – өңірлік әуежайларды жаңғырту жөніндегі шаралардың күрделілігі. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Оның аясында 2030 жылға дейін әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту көзделген», – деп жазылған Бектенов жауабында.
Билет бағасы қымбаттауы мүмкін…
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Fly Arystan компаниясын «Эйр Астана» құрамынан шығару туралы сөз қозғады. Ол үшін акциялардың 51%-ын сатып, жеке заңды тұлға құруды ұсынды. Бұл «Эйр Астананың» ақпан айында өткен IPO-сы үшін қажет болды. Алайда компания бас директоры Питер Фостер кейін билет бағасы қымбаттауы мүмкін деп топшылады. Қазір Fly Arystan қосымша қызметтерін ақылы етті. Сол арқылы компания шығындарды азайтуға ниетті.
Еске сала кетсек, 9 ақпанда «Эйр Астана» IPO барысында өтінім кітабын жинақтауды аяқталғанын хабарлады. Акцияларды орналастыру бағасы 1 ғаламдық депозитарлық қолхат (ҒДҚ) үшін – 9,5 доллар болды. Ал қарапайым акция үшін 1 073,83 теңге (ҰБ ресми бағамына сай) деп белгіленген.
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Air Astana IPO-сы барысында әуе компаниясының акциясына 42 млн доллар инвестициялады.