Әлеуметтік желіде тұрмыстық зорлық-зомбылықты насихаттады деп сынға ұшыраған «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуы жабылды

Жарияланды (жаңартылды )
Почему ток-шоу «Бiрак» на «Хабаре» закрывают
Ток-шоудың эфирге шыққанына 2 күн ғана болған / Алайда…коллаж kursiv.media

«Хабар» телеарнасында жуырда ғана көрерменге жол тартқан «Бірақ…» ток-шоуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырағаннан кейін жабылды.

Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ресми пікір білдірді.

«Отбасылық құндылықтарды насихаттау, ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті үйлестіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды насихаттау министрліктің басты міндеттерінің бірі. Өз кезегінде, 11 наурыздан бастап «Хабар» арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, оны шешуге бағытталған «Бірақ…» бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты», – деді министр.

Оның айтуынша, мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуге тиіс еді.

«Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады», – деді ведомство басшысы.

Бұл ретте «Хабар» агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Агенттік басшысының айтуынша, «Бірақ…» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болған. Алайда…

«Бұл тақырыпты қозғап, нақ осы кейіпкерлермен бағдарлама жасау арқылы қоғамды дүрліктіріп, вирустық контентке айналдыру ниетінен аулақпыз», – деді Кемелбек Ойшыбаев.

Осы тұста ол бағдарламаға қатысқан кейіпкерлерден, көрермендерден кешірім сұрады.

«Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. «Бірақ»-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен «Қорғау-Астана» кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз», – деді Агенттік басшысы.

Еске сала кетсек, құқық қорғаушы, «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль Instagram желісіндегі парақшасында «Хабар» телеарнасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, 18 жыл отасқан, 6 баланы дүниеге әкелген әйелді ток-шоуға шақырғанын хабарлады.

Әйел бетін жауып, студияда күйеуі болмайды деген шартпен түсірілімге келуге келіскен. Бірақ уәде орындалмаған. Шоу кезінде күйеуі студияға келген.

Желіде тараған кадрларда жүргізушісі эфирге келген қонақтан «күйеуінің ұруына себеп бар ма» деген сұрақ қояды. Мұның барлығы қоғамда резонанс тудырды.

Бағдарлама эфирге 12 наурызда шықты. Дәл осы күні Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Журналист Асхат Ниязов өзінің Telegram-арнасында «Хабар», 24 KZ және «Қазақстан» телеарналарында бұл күндері «Бишімбаевтың соты туралы бірде-бір сөз болған жоқ» деп жазды.

Сондай-ақ оқыңыз