Биыл қай санаттағы қызметкерлер «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алады? – тізім бекітілді

Жарияланды (жаңартылды )
Биыл қай санаттағы қызметкерлер «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алады? – тізім бекітілді / kursiv.media

«Болашақ» тағылымдамасынан өтетін қызметкерлер санатының жаңа тізімі бекітілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында айтылды.

Отырыс барысында 2024 жылға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтетін қызметкерлер санатының тізімін қайта қарау туралы шешім қабылданды. «Болашақ» стипендиясын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған стратегиясы шеңберінде кадрларды даярлау және қайта даярлау мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша жүргізіледі.

Тізімде мына санаттар бар:

  • Инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері;
  • Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары;
  • Медицина қызметкерлері;
  • Мемлекеттік қызметкерлер;
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
  • Мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
  • Соттар және сот қызметкерлері.

Тағылымдама ұзақтығы – бір айдан 12 айға дейін. Тағылымдамадан 40-тан астам елдің жетекші университеттерінде, ғылыми-зерттеу орталықтарында, салалық ұйымдарында өтуге болады.

Тағылымдамадан өтуге үміткерлерге қойылатын талаптар:

– тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымнан шартсыз шақыртудың болуы;

– жалпы жұмыс өтілі кемінде үш жыл, оның ішінде мамандығының таңдаған саласында үзіліссіз соңғы 12 ай жұмыс өтілінің болуы;

– кемінде В1 деңгейдегі нәтижесі бар ҚАЗТЕСТ бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификатының болуы;

– IELTS: 9.0-ден 5.0, TOEFL: IBT 120-дан 35, PBT/ ITP 677-ден 417, DET 75-тен жоғары.

Тағылымдамадан өтуге үміткерлер жылжымайтын мүлікті кепілге қоймайды. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кейінгі 12 айда тұрақты табысы бар 50 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары бола алатын екі кепілгерді ұсыну жеткілікті.

Былтыр бағдарламаның талабы күшейді

Бұған дейін «Болашақ» бағдарламасының талаптары күшейгенін жазған едік.

2023 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді бағдарламаның конкурстық іріктеуіне қатысу үшін үміткерлер шет тілін меңгергенін растауға тиіс.

«Кандидаттар өтінім берген кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Мысал, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі 9.0 – ден кем дегенде 6.0 IELTS, PBT 677- ден 498, IBT 120- дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер – IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуы тиіс» делінген хабарламада.

Бағдарламаға айтылған сын

Айта кетейік, былтыр бағдарламаға сын айтылды. Оған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова жауап берген еді.

Әлия Оспанованың айтуынша, қазіргі таңда 268 адам «Болашақ» стипендиядан бас тартқандар мен айырылғандардың қатарында тұр. Бұл – елге қайтпай, шетелде қалып қойған, оқу үлгерімі нашар болған, оқуын тастап кеткен, міндеттемесін орындаудан бас тартқан адамдардың саны.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының 30 жылдық тарихын тұтас алғандағы көрсеткіш. Яғни 15 871 стипендиаттың 1,6%-ы. Бір жылғы емес, 1993 жылдан бері санағандағы көрсеткіш. Есептік кезеңді назарға алатын болсақ, бұл үлкен кемшілік емес деп ойлаймын. «Болашақтың» 98%- дан астам түлегі елге оралып, міндетін мінсіз атқарып жатыр. Қазақстанды гүлдендіруге, дамытуға атсалысуда. Өкініштісі, олар туралы айтылып отырған жоқ. Тек қана 2%-ға жетпейтін көрсеткіш алынып отыр. Бағдарлама бойынша 9 527 түлек келісімшарттағы міндеттемесін толық орындады. 2 987 адам еңбек мониторингінде. Олар қазіргі уақытта ел аумағында міндеттерін атқарып жатыр. 91 түлек декреттік демалысқа шығуына немесе емделуіне байланысты еңбек шарты бойынша міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыруға рұқсат алды, – деді Ә.Оспанова.

Сонымен қатар «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мемлекет алдындағы міндеттемесін орындамаған 268 адаммен жұмысты үздіксіз және жоспарлы түрде жүргізеді.

Сондай-ақ оқыңыз