Қытай компаниясы Қазақстанда тұрмыстағы қалдықтарды жағып, электр энергиясын өндіретін жобаларды дамытуға әзір. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қытайлық China Conch venture Holdings Co Ltd компаниясымен кездескенде айтылды.
Кездесуде Қытай компаниясы қатты тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіруді таныстырды. Компания өкілдері елімізде тұрмыстағы қалдықтарды жағып, одан электр энергиясын өндіру жөніндегі жобаларды дамытуға және инвестициялауға қатысуға дайын екенін жеткізді.
Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бизнесі
Қазақстанда да қоқыс өңдеп, одан шикізат шығару саласы біртіндеп дамып келеді. Осы салада еңбек етіп, үлкен бизнес ашқан жандар жайлы жазған болатынбыз. Солардың бірі – қоқыс өңдеу бизнесін тұрақты кәсіп көзіне айналдырған Амантай Айдарханұлы. Бизнесмен күнделікті 2 тонна полиэтелен қалдығын қайта өңдеп, шикізат түрінде шығаратынын айтты. Мысалы, пластик бөтелкенің бір келісін – 80 теңгеге, ал пакеттердің келісін – 200 теңгеге сатып алады екен.
«Күніне 2000 дана жәшік жасалады. Жүздеген дана қоқыс қапшық шығарамыз. Тұрмыстық қалдықтарды арнайы сұрыптап, станоктарға салып, оны жуып, 300 градус температурада балқытып, шикізат яғни, гранула дайындаймыз. Осы шикізаттан үш түрлі дүние өңдіреміз: қоқыс шығаратын қапшық, жәшік және құрылысқа қажетті құбыр бар», – дейді кәсіп иесі.
Қазақстан экономикасындағы Қытайдың үлесі
Қазақстан экономикасының тірегіне айналған ірі компаниялардың барлығында Қытайдың үлесі бар.
Қытай 17 жылда Қазақстан экономикасына 36,7 млрд инвестиция салған. Мұны China Global Investment Tracker, ҚХР-ның әлемнің түрлі елдеріне салған ірі инвестициялары туралы мәліметтер базасынан байқауға болады.
Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясының үштен екісі немесе 25,2 миллиард доллар – энергетика саласындағы жобаларға жұмсалған. Қытайлық инвесторлар Қазақстандағы химия өнеркәсібі, мұнай өңдеудеге қатысты жобаларға 4,4 миллиард доллардан астам қаражат жұмсаған.
Еске салайық, бұған дейін Қытай құрылыс конгломераты Қазақстандағы құрылысқа инвестиция салуды жоспарлап отырғанын жаздық.
Бейжіңде вице-премьер Серік Жұманғарин мен «Beijing Huanju Commercial Management Co.» бас директоры Дин И кездесті. Кездесуде Қазақстандағы ірі нысандардың құрылысына инвестиция салу мүмкіндіктерін талқыланды.
Компания Астанадағы бесжұлдызды қонақүй, коммерциялық кешендер, автотұрақтар және басқа да ірі нысандар құрылысына инвестиция салуға мүдделі.