Путиннің ядролық соғыс туралы пікірінен кейін Варшавада бомбадан қорғанатын жер салуға 27 млн еуро бөлінді

Жарияланды
варшава
Варшавада бомбадан қорғанатын жер салуға 27 млн еуро бөлінді / Фото: shutterstock

Польша астанасы Варшава қаласының басшылығы 3 жыл ішінде бомбадан қорғанатын жерлерді салуға және қайта жабдықтауға 27 млн еуро бөлді.

Варшава мэрі Рафал Тшасковский Ресей президенті Владимир Путиннің Ресейдің ядролық соғысқа дайындығы туралы айтқан сөздерінен кейін осындай мәлімдеме жасаған.

Politico мәліметіне сүйенсек, Польшада жүргізілген бомбадан қорғану сынағы нәтижесінде халықтың 4%-ы ғана шабуыл кезінде бомбадан қауіпсіз орынға бара алатыны белгілі болған.

«Бомбадан қорғану – Варшаваның кез келген төтенше жағдайға дайындалу стратегиясының бір бөлігі»,– деді қала мэрі Тшасковский

Жерасты автотұрақтар мен метро станциялары қаладағы бомба баспанасы ретінде пайдалануға ұсынылатын орындардың біріне айналады. Әкімнің сөзінше, Варшавада барлығы 7 миллион шаршы метр аумақты бомбадан қорғану аумағы ретінде пайдалануға болады.

Польша Украинаға қолдау көрсетеді

Польша билігі НАТО әскерінің Украинаға барғанын қолдайды. Бұл туралы Польшаның сыртқы істер министрлігінің Twitter-дегі парақшасы жазды

НАТО әскерінің Украинаға баратыны мүмкін нәрсе. Мен Франция президенті Эммануэл Макронның бастамасын қолдаймын. Өйткені біз Путиннен емес, Путин бізден қорқады, – деп жазды Польшаның СІМ Радослав Сикорский.

Бұған дейін Франция Коммунистік партиясының жетекшісі Фабьен Руссель партия басшыларымен кездесуінде президент Эммануэль Макрон майдан Одесса немесе Киевке қарай жылжи берсе, Украинаға әскер жібере алатынын айтқанын мәлімдеді.

Путин ядролық соғыс туралы

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинелдің әскери-техникалық тұрғыдан ядролық соғысқа дайын екендігін айтты.

«Әскери-техникалық тұрғыдан, әрине, дайынбыз. Олар (ядролық қару – ред.) бізде үнемі жауынгерлік дайындықта болады», – деп жауап берді Путин «РИА Новости» агенттігі мен «Россия 1» телеарнасының журналисі Дмитрий Киселевтің ядролық соғысқа қатысты сұрағына.

Путин агенттікке берген сұхбатында АҚШ-тың өз әскерін Украинаға жібермейтіні туралы мәлімдемесіне баса назар аударған. Путиннің пікірінше, АҚШ әскері Ресейге жақын аумаққа келсе, Ресей мұны өзіне төнген қауіп деп түсінеді. Президент мұны тек Мәскеу ғана емес, Вашингтонда түсінетінін айтады.

Ядролық соғыс қаупі

Ресей немесе Белорусь тарапынан Украина аумағында ядролық жарылғыш құралды қолдану – Солтүстік альянсқа жасалған шабуыл деп саналсын. АҚШ Сенаты осындай қарар әзірлеген еді.

«Біз бүгін қарар шығардық, оның мәні мынадай: егер Ресей немесе Белорусь украин халқының жігерін жаншу үшін немесе қарсы шабуылды тоқтату үшін Украина жерінде ядролық қару жаратын болса, бұл НАТО-ға шабуыл ретінде қарастырылатын болады», – деді АҚШ сенаторы Линдси Грэм

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді 

Сондай-ақ оқыңыз