Алматыдан ұшатын рейстер уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайы ауа райының қолайсыздығына байланысты көктайғаққа қарсы жұмыстарын жүргізу уақытша мүмкін емес екендігін хабарлайды. Ауа-райы жақсарғанша Алматыдан ұшатын рейстер тоқтатылды», – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сағат 19.00-ден бастап әуежайға рейстер ұшып келе алмайды.
«Жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-ден бастап Алматы әуежайы рейстердің ұшып келуіне жабық екенін хабарлаймыз. Алматы халықаралық әуежайы ауа райы жақсара салысымен жұмысын жалғастырады», – деп жазылған хабарламада.
«Эйр Астана» компаниясы да жолаушыларға үндеу жолдады.
«Бүгін Алматы әуежайы қолайсыз ауа райы жағдайлары рейстердің кешігуіне себеп болғанын хабарлады. Әуе компания ауа райы жағдайын мұқият қадағалап отырады және ұшу қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға тырысады», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Еске сала кетсек, Алматы халықаралық әуежайының президенті Алп Эр Тунга Эрсой 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін келтірілген залал үшін өтемақы алудан бас тартқанын айтқан.
Ұшу айлағының жаңа терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалған.
Алматы әуежайының жаңа терминалы маусым айында іске қосылуға тиіс. Альп Эр Тунга Эрсойдың сөзінше, терминал ғимараты құрылысының 13%-ы жасалып бітпеген. Ол жүйе толық дайын болған кезде терминалдың бірден іске қосылатынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда жаңа халықаралық терминал ғимаратының дайындық деңгейі 87%, орталық инженерлік қондырғы – 99%, әуеайлақ – 93%, вокзал маңы аумағы – 78%, эстакада – 80% құрайды», – деген еді Эрсой.