Жаңалықтар

Қазақстан ақпан айында мұнай өндіруді қысқартты, бірақ көрсеткіш уәделі межеден асып түсті

Қазақстан ақпан айында мұнай өндіруді қысқартты / Фото: shutterstock

Қазақстан ақпан айында тәулігіне 1,59 млн баррель мұнай өндірді. Қаңтарда бұл көрсеткіш тәулігіне 1,64 млн баррель болды. Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) хабарлады.

Агенттік республика ақпан айында ОПЕК+ міндеттемелерінен 0,12 миллион баррель артық өндіргенін мәлімдеді. Қазақстанның міндеттемелері бойынша тәулігіне 1,47 миллион баррель өндіруге тиіс еді. Бұл ретте республика тәулігіне 1,67 млн ​​баррель мұнай өндіре алады.

Қазақстан ОПЕК келісімін орындады ма?

Қазақстан ОПЕК бойынша өз міндеттемелерін орындамағандар қатарынан табылды. Ресей ақпанда тәулігіне 9,42 миллион баррель (қаңтарда тәулігіне 9,4 миллион баррель) өндірді. Ал Әзербайжан – тәулігіне 0,48 миллион баррель (қаңтарда 0,47 миллион баррель) өндірді. Жоспар 0,55 миллион баррель еді. Оман – тәулігіне 0,76 миллион баррель (қаңтарда тәулігіне 0,77 миллион баррель) өндірді. Бұл аталған ел жоспарына дәл келді.

Жалпы ОПЕК елдері ақпанда тәулігіне 26,91 миллион баррель (қаңтар айында тәулігіне 26,77 миллион баррель) мұнай өндірді. Мақсат 32,91 миллион баррель еді. ОПЕК+ елдері ақпанда тәулігіне 41,58 млн баррель (қаңтарда тәулігіне 41,5 млн баррель) өндірді. Ал мақсат тәулігіне 48,25 млн баррель болатын.

Қазақстан ерікті қысқарту мерзімін ұзартты

Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді қысқартуды жалғастырады. Бұл туралы наурыздың басында ҚР Энергетика министрлігі хабарлады. Биыл мұнай көлемін күніне 82 мың баррельге қысқарту жоспарланып отыр. Осылайша, ел маусым айының соңына дейін тәулігіне 1,468 млн баррель шикізат өндіреді.

Еске сала кетсек, Қазақстан 2023 жылдың сәуір айында өндіруді ерікті қысқарту туралы хабарлады. Бұл шектеу мұнай нарықтарындағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау мақсатында ОПЕК+ елдері қабылдаған сақтық шараларын қолдауға бағытталған.

Bloomberg ОПЕК+ елдері мұнай экспортын тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту мерзімін маусымның соңына дейін ұзартуға келісті деп хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша, қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Сауд Арабиясы қысқартуды тәулігіне 1 миллион баррель деңгейінде сақтайды.

Қаңтарда көрсеткіш  ОПЕК+ бекіткен көлемнен асып түсті

Қазақстан қаңтар айында мұнай өндіру бойынша ОПЕК+ бекіткен көлемнен асып кеткен. Алайда ол алдағы төрт айда өндірілетін өнім есебінен өтелмек.

«2024 жылғы қаңтарда міндеттемелердің асып кетуіне қарамастан, Қазақстан келесі төрт ай ішінде артық өндірісті өтейді», – делінген хабарламада.

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) наурыз айындағы есебінде Қазақстанда 2024 және 2025 жылдары сұйық көмірсутегін өндіру сәйкесінше тәулігіне 1,9 миллион баррель және 2,1 миллион баррельді құрайды.

«Келесі жылы өнідіс тәулігіне 120 мың баррельге артады», – деп жазылған баяндамада.

Қазақстан ОПЕК+ аясында 2024 жылдың қаңтарынан бастап, жаңа ерікті міндеттемелерді қабылдаған.

«2023 жылғы 30 қарашада өткен ОПЕК+ 36-шы министрлік кездесуінің қорытындысы бойынша Қазақстан және ОПЕК+ мүше басқа елдер әлемдік мұнай нарығында тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап жаңа ерікті міндеттемелер қабылдады», – делінген Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта.

2023 жылы желтоқсан айының соңында Үкімет 2023 жылы энергетика және мұнай-газ саласының даму қорытындысын жария еткен еді.  

Ұсынылған шолуда Қазақстанда 11 айда, яғни қаңтар-қараша аралығында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 82,2 млн тоннаны құрағаны айтылған. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 8%-ға артық. Сонымен қатар 53,8 млрд текше метр газ, 26,9 млрд текше метр тауарлық газ өндірілген.