Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Украинаға қару тасымалдау туралы ақпаратқа жауап берді

Жарияланды
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Украинаға қару тасымалдау туралы ақпаратты жоққа шығарды / Фото: архив kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қазақстан ресейлік әскери өнімдерді Украинаға жеткізу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр» деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство Kursiv.kz ресми сауалына берген жауабында бұл деректі жоққа шығарды.

«Қазақстан мен «Укрспецэкспорт» мемлекеттік корпорациясы Украина қарулы күштерінің қажеттіліктері үшін ресейлік әскери өнімді сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Қару айналымы туралы мақалада көрсетілген компаниялар техникаға «NaviCo» және «BSKey Company» керісінше әскери лицензиясы бар. Ал «ИГТ» ЖШС және ИА «Сыздықов Т.С.» компанияларында қару-жарақ пен әскери техниканың айналымына рұқсат беретін құжат жоқ», – деп жазылған ведомствоның ресми жауабында.

Айта кетейік, 2022 жылдың тамыз айынан бастап әскери өнімдер экспортына мораторий енгізілген.

Бұған дейін 7 наурызда ресейлік БАҚ «Киев Астанамен ресейлік әскери өнімдерді сатып алу мәселесін талқылап, қос тарап осы бағыттағы келіссөздерді бастады» деген ақпарат таратты.

Киев Астанамен астыртын келіссөз жүргізді ме?

Бұл ретте олар мұндай ақпаратпен сенімді дереккөздері бөліскенін жазды.

«Укрспецэкспорт» Қазақстан мен Украина қарулы күштерінің қажеттіліктері үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуде», – деп хабарлады РИА Новости.

Ресейлік БАҚ жарыса жазған ақпарат шындыққа жанаспайды

Алайда бұл ақпаратты ҚР Қорғаныс министрлігі жоққа шығарды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстан Украина Қарулы күштерінің қажеттілігі үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алу бойынша «Укрспецэкспортпен» келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 2022 жылдан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын хабарлаймыз. Мұндай тұспалдаулар Қазақстан Республикасының беделін түсіруге бағытталған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан таратылған қауесеттерге көңіл аудармауын сұраймыз. Тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер», – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.

Еске сала кетсек, Bloomberg басылымы Қазақстанды Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті деп айыптады. Шектеу шеңберіндегі тауарлардың төрттен бір бөлігі Ресейге тікелей Еуропадан тасымалданады. Қалған бөлігі Ресейге сауда шектеулеріне қарамастан, астыртын үшінші елдер арқылы жолданады. Басылым меңзеп отырған елдер қатарында Қазақстан да бар.

Айта кететіні, Еуропалық Одақ бірінші кезекте қару-жарақ өндірісіне қажетті технологиялар тасымалдауға тыйым салған. Оның ішінде зымырандар өндіруде қолданылатын қосалқы бөлшектер мен электроника бар.

Bloomberg дерегінше, бұл сауданың көп бөлігі ЕО-дан тыс шағын компаниялардың желілері арқылы өтеді. Олардың басым бөлігі Қытайда тіркелген. Жабдықтарды қадағалау қиын, өйткені оларды жеткізушілер мен сатушылар көп.

Сондай-ақ оқыңыз