Жыл соңына дейін тағы бір банк Қазақстан нарығына келуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Bereke Bank-ті Қатар банкіне сату жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын / kursiv.media

Жыл соңына дейін жаңа бір банк Қазақстан нарығына келуі мүмкін. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты.

«Қазіргі уақытта осы бағытта өте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің нарыққа келетін алғашқы шетелдік банктердің бірі – Қатар банкі. Білуімше оларға Bereke Bank-ті сату бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Сонымен қатар бірнеше инвесторлар да бұл мәселеге қызығушылық танытып отыр. Осы орайда жыл соңына қарай елімізге тағы бір жаңа банк кіріп қалуы мүмкін. Инвестордан нақты жауап алынбайынша, әзірге елімізге қандай банк келетінін ашып айта алмаймын «,– деді Әблқасымова.

Өткен күзде Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы банктің Қатар инвесторына сатылатыны туралы айтқан.

«Bereke Bank-ті былтыр «Бәйтерек» сатып алды. Олар әу бастан бұл банкті стратегиялық инвесторға сатамыз деді. Наурыздан бастап шетелдік инвестор тарапынан банкті бағалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Әңгіме Қатар инвесторы жайында болып отыр. Қолда бар ақпарат бойынша, банкті бағалау жұмыстары 8 ай бойы жүргізіледі», – деді ол.

Еске сала кетсек, Bereke Bank – бұрынғы «Сбербанк Қазақстан» банкін «Байтерек» ҰБХ 2022 жылдың қыркүйегінде сатып алған еді.

Содан бері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі  – банктің негізгі акционері. 2022 жылы қыркүйекте банк ребрендинг жүргізіп, Bereke Bank атауын иеленді.

2023 жылдың 9 наурызында Bereke Bank ресми түрде АҚШ санкцияларынан шығарылғанын хабарлады. 2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Өткен жылдың басында Банк пруденциалдық нормативтерге сәйкес капиталдың жеткіліктілік коэффициентін теңестіре алды, әрі барлық негізгі көрсеткіштерін жақсартқан. Қаржы ұйымының басшысы Андрей Тимченконың айтуынша, санкциялардың алып тасталуына байланысты банкті сапалы дамыту және нығайту бойынша алға үлкен жоспарлар қойылды.

Санкцияларды алып тастауға акционердің және банктің атауының өзгеруі ықпал еткен.

Сондай-ақ оқыңыз