Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі «Қазақмыс» компаниясының жауапты қызметкері қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды

Жарияланды
Қазақмыс корпорациясының
«Қазақмыс» корпорациясының заң бөлімінің басшысы Азат Жұмабаевқа қатысты тергеу басталған / Коллаж: kursiv.media

«Қазақмыс корпорациясының” заң бөлімінің басшысы Азат Жұмабаев қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен қамауға алынған. Бұл жайлы «Қазақмыс» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. 

«Қарағанды облысының Ішкі Істер Департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік Дирекциясы қызметкерлерінің қатысуымен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС заң қызметі департаменті заң басқармасының шарттық-наразылық бөлімінің бастығы Азат Мақсұтұлы Жұмабаевты ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстады»,- делінген баспасөз хабарламасында. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта А.Жұмабаевқа қатысты тергеу шаралары  басталған. 

«Қазақмыс» компаниясының иелері кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай. Олар  «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді. 

Еске сала кетсек, «Қазақмыс» компаниясы жазатайым оқиғалар жиі болатын компания саналады. Өткен жылдың өзінде компанияда бірталай рет апатты оқиғалар болып, салдарынан талай кенші қазаға ұшырады. 

2023 жылдың 27 желтоқсанында  «Қазақмыстың»  Ұлытау өңірінде орналасқан Жыланды кенішінде 1992 жылы туған кенші қаза тапты. Ал өткен жылдың 6 қарашасында «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тапты. 22 қараша күні «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында жазатайым оқиғадан бір адам көз жұмды. 27 қарашада «Kazakhmys» компаниясының «Жайсаң» шахтасында 2 кенші қаза тапты. Осыған дейін дәл осы «Жыланды» кенішінде 6 қызметкер жарақат алғаны туралы хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз