Жаңалықтар

Алматы облысындағы үйлерде 12 мыңнан астам шетелдік заңсыз тіркелген – прокуратура

тіркеуде
Бір үйде 300-ден астам шетелдік азамат заңсыз тіркелген / Фото: kursiv.media

Алматы облысында 12 мыңнан астам шетелдік заңсыз тіркелген. Бұл жайлы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.

Атап айтқанда 12 мыңнан астам шетелдік 278 үйде тіркеуде тұрған. Бұл үйлердің ішінде кейбір мекен-жайлар ойдан шығарылғаны белгілі болды. Яғни жалған мекен-жайларда тіркелген. Тіпті кей жағдайларда бір мекен-жайда бірнеше адамды тіркеу фактілері анықталған. Мысалы, Қарасай ауданының Батан ауылындағы үйлердің бірінде 300-ден астам шетелдік азамат тіркелген.

«Осы фактілер бойынша ҚР ҚК 394-бабы (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген прокуртура хабарламасында.

Прокуратура мәліметінше, мұндай заңсыздық салдарынан үш мың заңсыз көшіп келушілерден мемлекет қазынасына 79 млн теңге салық төленбеген. Қазіргі таңда құзырлы орган оларға қатысты өндіріп алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен бірге тексеріс барысында 29 заңсыз көшіп келуші және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 43 заңсыз көшіп келуші сот шешімі бойынша елден шығарылуы тиіс болса да, елден кетпегені белгілі болды.

Жалпы тексеру аясында Алматы облысының прокуратурасы көші-қон заңнамасын бұзу фактілері бойынша 600-ден астам бұзушылық анықталған. Осы мәселеге байланысты 17 көші-қон полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

Қазақстанда мигранттар көп пе?

Айта кетейік 2022 жылдың ақпанынан бастап, Қазақстанда тұруға рұқсат алған ресейліктер саны артқан. 2022 жылдың толық жеті айында 2021 және 2020 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Өткен жылы Ресей азаматтарынан тұруға рұқсат алуға кеп түскен өтініштер екі есе көбейген. 2020 жылы дәл осы кезеңде 2610 осындай өтініш түссе, 2021 жылы 2853. Ал 2022 жылы тиісті ведомстволар ресейліктерден 4566 өтінішті қабылдаған. Рұқсат немесе тұруға ықтиярхат алуға өтініш берген Ресей азаматтары көбіне Қарағанды ​​(9 877 адам), Алматы (7 684), Шығыс Қазақстан (7 415), Қостанай (5 456) және Солтүстік Қазақстан (4 734) облыстарын таңдайды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың алты айында Қазақстан аумағына 40,8 мың ресейлік «жұмыс істеу» мақсатында келген. Бұл ретте, құрамына Ресей кіретін ЕАЭО азаматтары негізінен экономиканың басым секторларында тар профильді мамандықтар бойынша жұмыс істейді. Олар – өнеркәсіптік өндірістің менеджерлері, консалтинг саласындағы мамандар, қаржы, сақтандыру нарығы, интернет-технологиялар және IT секторы және логистика. Сонымен бірге 2022 жылы Қазақстанның сыртқы көші-қон векторын өзгертті. Кейінгі онжылдықта алғаш рет өзіне тән емес тенденция байқалды. Былтыр эмигранттардың қатары қысқарып, есесіне Қазақстанға көшіп келгендер мен мигрант саны артты. Алдыңғы жылы шетелге тұрақты тұруға 32,3 мың адам кетсе, былтыр 24,2 мың адам көшіп кеткен. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің қатары бір жылда 56,7 пайызға артып, 17,3 мыңға жеткен. Салыстырар болсақ, 2021 жылы елімізге 11 мың ғана адам көшкен.