Вейпке толық тыйым: Сенат заңды Мәжіліске кері қайтарды

Жарияланды
Сенат вейпке толық тыйым салатын заң жобасын кері қайтарды / Фото: kursiv.media

Сенаторлар вейп пен электронды темекі сатуға тыйым салатын заң жобасын бірден екі оқылымда қарады. Депутаттар заңның өзін бекіткенімен, кейбір баптарын қайта қарау үшін Мәжіліске кері қайтарды.

«Бас комитет заңның жекелеген баптарын мақұлдамады, көрсетілген баптарын жаңа редакциясы мен заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр. Осыған орай салыстырмалы кестеге үш түзету енгізілген», – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Ал сенатор Айнұр Арғынбекова аталған заң жобасы қоғамда қызу талқыға түскенін атап өтті.

 «Айта кетейік, қазір ДДҰ кәдімгі темекіден вейпке ауысқан темекі шегушілерге зиян азаяды деген мәлімдемені жоққа шығарды. Дүние жүзінің 33 елі (Дания, Норвегия, Аргентина, Сингапур және т.б.) вейпке тыйым салды. ЕАЭО елдері қазірдің өзінде вейптер мен темекі шекпейтін темекі өнімдеріне толық тыйым салу мәселесін талқылап жатыр», – деді сенатор Айнұр Арғынбекова.

Сенат  заңды қарау барысында келесідей түзетулер мен толықтырулар енгізуді ұсынды:

  • шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, оларға демеушілік көрсету үшін жауаптылықты регламенттейтін нормаларды алып тастауды;
  • шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің тауар белгісінің элементтерін және (немесе) атауын пайдалана отырып, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға, сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделер ұтыс ойындарын, лотереяларды өткізуге тыйым салуды белгілеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар.

Сенаторлар қалған баптарды мақұлдады. Заң жобасы жаңа редакцияда Мәжіліске кері қайтарылды. Мәулен Әшімбаев аталған заң жобасын Мәжіліске не себепті кері қайтарғанын журналистерге түсіндіріп берді.

«Сенаттың заң жобаларын Мәжіліске қайтаруы – бұл қалыпты процесс. Біз өзгертулер енгіземіз, оларды пысықтаймыз. Бұл заң бойынша бізде тұжырымдамалық ескертулер жоқ. Тек құқықтық олқылықтарды жоятын, кейбір нормаларды бір- бірімен байланыстыратын бірқатар нормаларды енгіздік»,– деді Әшімбаев Сенат кулуарында.

Вейптерді әкелу, тарату және сатуға тыйым салатын заң

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қазақстанда вейптерді әкелу, тарату және сатуға тыйым салатын заң жобасын қабылдаған еді.

Вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік:

  • сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
  • қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Депутат Гүлдара Нұрымованың айтуынша, заң жобасында әскери медицина қызметкерлерінің қызметін жетілдіру, медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық хаттамаларды ұсыныстар ретінде қолдану жөніндегі нормалар көзделген.

Сонымен қатар медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезіндегі міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады.

92 депутат заң жобасын қолдап дауыс берсе, біреу қалыс қалған.

Контекст

Былтыр депутаттар – Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдаған. Бұл «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте де кеңінен талқылаған.

Былтыр тамызда бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда вейпке толық тыйым салу туралы шешім қабылданатынын айтты. Оның айтуынша, Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген.

«ДСМ Заңды ведомствоаралық комиссияға берді, біз оны қарадық. вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім сөзсіз қабылданады», – деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, қазір вейптерді сатуға тыйым жоқ. Бірақ тыйым салу туралы тиісті заң күшіне енген бойда контрабанданың алдын алу үшін барлық ресурсты пайдаланады.

Электронды темекі сату 2006 жылы басталып, кейін оның құрамында тек никотин болған. Ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты. ДДҰ мәліметінше,  33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салынған. 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, бұл өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған.

Сондай-ақ оқыңыз