Тоқаев Ұлттық құрылтайда дін, ұлттық құндылықтар мен отбасындағы әйелдерді кемсіту мәселесін сөз етті

Жарияланды
 Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қазақтардың дәстүрлі діні ханафи мәзһабына ден қою жайлы сөз етті. Президент өз сөзінде бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керек деп ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, «радикалды неофиттар қоғамға жат діни мұраттарды, оның ішінде халқымыздың салтында жоқ киім үлгісін енгізуге ұмтылуы дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға  жасалып жатқан шабуыл».

«Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет», – деді.

Сонымен қатар Қазақстан мемлекеттігі мен қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдер, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайтынын атап өтті.

«Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беру қажет екеніне айрықша тоқталды. Ол ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасындағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аудару жайын айтты.

Оның айтуынша, мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі қазіргі заман талабына мүлде келмейді. 

2022 жылы халыққа жолдауында Президент Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Алғашқы құрылтай ұлт ұясы атанған Ұлытауда өткізу белгіленді. 16 маусымда Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың І отырысы өтті. Сол кезде Тоқаев Қазақстан атауына қатысты ойын білдірген еді.

«Кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар», – деді Тоқаев.

Осылайша қазіргі жағдайда ел атын ауыстыру жауапсыз шешім болатынын айтты.

Бір жылдан кейін Түркістанда өткен II Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырмалар беріп, ұлттық нышан, ұлттық тәрбие мен құндылықтар жайында сөз қозғады.

Ұлттық құрылтайдың III отырысы Атырауда өтіп жатыр. Президент отырыста сөйлеген сөзінде бірнеше мәселеге тоқталды. Соның бірі – герб ауыстыру жайы болды.

«Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз