Қалың қардан кейін Алматы облысында 62 елді мекен жарықсыз қалды

Жарияланды
Қалың қардан кейін Алматы облысында 62 елді мекен жарықсыз қалды / коллаж kursiv.media

14 наурызда жауға қалың қардан кейін Алматы облысында 62 елді мекен жарықсыз қалды. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, таңертең жарық қызметі толық қалпына келтірілген. «Алатау Жарық» компаниясы жедел-көшпелі бригадаларының барлық қызметкерлері апатты-қалпына келтіру жұмыстары бойынша жедел жұмысы және диспетчерлерді тамаша үйлестірген.

«Әкімдік қалпына келтіру жұмыстарына мониторинг және бақылау жүргізеді. Аудандар мен Қонаев қаласының әкімдіктері кезекшілік ұйымдастырды. «Алатау Жарық» компаниясының барлық авариялық-қалпына келтіру бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қазіргі уақытта «АЖК»АҚ күшімен авариялық жағдай толық қалыпқа келді», – деп түсіндірді облыс әкімдігі.

Электр желілеріндегі апаттар Алматы қаласында болған. Үйлер мен кейбір көшелерде жарық өшкен.

«Осындай ақаулардың бірі Түрксіб ауданындағы Бұқтырма көшесінде орын алды. «Алматы Қала Жарық» компаниясы апатты жағдайды қалыпқа келтіру жұмыстарын бастап кетті», – деп хабарлайды «Алматы Қала Жарық».

Айта кетейік, 14 наурызда Алматы күн райы күрт бұзылып, қаладан ұшатын рейстер уақытша тоқтатылған еді.

«Алматы халықаралық әуежайы ауа-райының қолайсыздығына байланысты көктайғаққа қарсы жұмыстарын жүргізу уақытша мүмкін емес екендігін хабарлайды. Ауа-райы жақсарғанша Алматыдан ұшатын рейстер тоқтатылды», – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, сағат 19.00-ден бастап әуежайға рейстер ұшып келе алмайды.

«Жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-ден бастап Алматы әуежайы рейстердің ұшып келуіне жабық екенін хабарлаймыз. Алматы халықаралық әуежайы ауа-райы жақсара салысымен жұмысын жалғастырады», – деп жазылған хабарламада. 

«Эйр Астана» компаниясы да жолаушыларға үндеу жолдады.

«Бүгін Алматы әуежайы қолайсыз ауа-райы жағдайлары рейстердің кешігуіне себеп болғанын хабарлады. Әуе компания ауа-райы жағдайын мұқият қадағалап отырады және ұшу қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға тырысады», – деп хабарлады әуе компаниясы.

Сондай-ақ оқыңыз