Алматы әуежайында 14 наурыздан бері рейстер кешіктіріліп жатыр

Жарияланды
аэропорт алматы
Алматы әуежайында 14 наурыздан бері рейстер кешіктіріліп жатыр / Фото: Офелия Жакаева

Алматыда 14 наурызда ауа райы бұзылып, қалың қар жауғаннан кейін әуе рейстері бір күнге кешіктірілген. Яғни бүгін 14-15 наурызға белгіленген рейстер ұшырылып жатыр.

FlyArsytan компаниясының хабарлауынша, 14 наурызда қалың қардың салдарынан рейстер 15 наурызға ауыстырылған. Алматыға келу-кету рейстері кешігіп, тоқталып жатыр. Компания әуе айлағындағы ұшақтарды мұздан тазарту қызметіне қосымша жүктеме пайда болғанын жазады.

Алматы әуежайы өкілдерінің хабарлауынша, әуе айлағындағы дайын рейстерге бірден қызмет көрсетіліп, кезек бойынша қызмет көрсетіліп жатыр.

FlyArsytan компаниясынан бөлек, Air Astana рейстерінің де кешіктіріліп жатқаны белгілі.

Айта кетейік, 14 наурызда Алматы күн райы күрт бұзылып, қаладан ұшатын рейстер уақытша тоқтатылған еді.

«Алматы халықаралық әуежайы ауа-райының қолайсыздығына байланысты көктайғаққа қарсы жұмыстарын жүргізу уақытша мүмкін емес екендігін хабарлайды. Ауа-райы жақсарғанша Алматыдан ұшатын рейстер тоқтатылды», – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, сағат 19.00-ден бастап әуежайға рейстер ұшып келе алмайды.

«Жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-ден бастап Алматы әуежайы рейстердің ұшып келуіне жабық екенін хабарлаймыз. Алматы халықаралық әуежайы ауа-райы жақсара салысымен жұмысын жалғастырады», – деп жазылған хабарламада. 

«Эйр Астана» компаниясы да жолаушыларға үндеу жолдады.

«Бүгін Алматы әуежайы қолайсыз ауа-райы жағдайлары рейстердің кешігуіне себеп болғанын хабарлады. Әуе компания ауа-райы жағдайын мұқият қадағалап отырады және ұшу қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға тырысады», – деп хабарлады әуе компаниясы.

14 наурызда жауған қалың қардан кейін Алматы облысында 62 елді мекен жарықсыз қалған. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, таңертең жарық қызметі толық қалпына келтірілген. «Алатау Жарық» компаниясы жедел-көшпелі бригадаларының барлық қызметкерлері апатты-қалпына келтіру жұмыстары бойынша жедел жұмысы және диспетчерлерді тамаша үйлестірген.

Сондай-ақ оқыңыз