Украинаның шабуылдарынан кейін Ресейде бензин қымбаттады

Жарияланды
Украинаның шабуылдарынан кейін Ресейде бензин қымбаттады / коллаж kursiv.media

Украина Ресейдің мұнай өндіру зауыттарына жасаған шабуылынан кейін, Ресейде бензин бағасы едеуір өсіп кетті. 

DW ақпаратына сүйенсек, Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы алты ай ішінде ең жоғары деңгейге жеткен. Сарапшылардың пайымдауынша, бағаның өсуі украиналық дрондардың Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылына байланысты өскен. Себебі шабуыл салдарынан зауыттар жұмысы тоқтап тұр.

Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы тоннасына 60 мың рубльден асты. Бұл 2023 жылдың қыркүйек айында Ресейдың отын экспортына эмбарго қойылған кезден бастап, төмендеген бензин бағасын кері көтерді. 

1 наурыздан бастап Ресейде жанармай экспортына тыйым салынған. Бірақ биржадағы бензин қымбаттап келеді.  12 наурызда ғана Нижний Новгород зауытына шабуылдан кейін өрт болып жұмыс тоқтады. 13 наурызда Рязань мен Новошахтинск зауыттарына да шабуыл жасалып, жұмыс тоқтады. Сарапшылар сөзінше, бұл үш кәсіпорын Ресейдің мұнай өңдеу қуаттылығының 12 % құраған.

Ресей президенті Владимир Путин Украина шабуылдарының қарқыны артып келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, Украина Ресейдегі президент сайлауына кедергі келтіруді көздеген.

Путин ядролық соғыс туралы

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинелдің әскери-техникалық тұрғыдан ядролық соғысқа дайын екендігін айтты.

«Әскери-техникалық тұрғыдан, әрине, дайынбыз. Олар (ядролық қару – ред.) бізде үнемі жауынгерлік дайындықта болады», – деп жауап берді Путин «РИА Новости» агенттігі мен «Россия 1» телеарнасының журналисі Дмитрий Киселевтің ядролық соғысқа қатысты сұрағына.

Путин агенттікке берген сұхбатында АҚШ-тың өз әскерін Украинаға жібермейтіні туралы мәлімдемесіне баса назар аударған. Путиннің пікірінше, АҚШ әскері Ресейге жақын аумаққа келсе, Ресей мұны өзіне төнген қауіп деп түсінеді. Президент мұны тек Мәскеу ғана емес, Вашингтонда түсінетінін айтады.

АҚШ-тың Украинаға көмегі

Айта кетейік, 12 наурызда АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Америка Құрама Штаттары Украинаға құны 300 млн доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін жіберетінін хабарлады. Бұл биылғы жылы көрсетілетін алғашқы ірі көмек болып отыр. Осыған дейін Вашингтонның Киевке көмегін Конгресстегі республикалық партия өкілдері бұғаттап келген.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан аталмыш қаржы Пентагонның келісімшарттары бойынша күтпеген шығындарды үнемдеуден қалғанын айтты. Бұл қаржы енді артиллериялық снарядтар мен жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйелеріне (HIMARS) арналған оқ-дәрілерге жұмсалуға тиіс.

2023 жылы қарашада президент Джо Байден Израиль мен Украинаға көмекке, Тынық мұхиты аумағында Қытаймен бәсекелестікке және АҚШ-Мексика шекарасында қауіпсіздікті сақтау үшін қосымша көмекті 106 миллиард деп белгілеуді өтінген болатын.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді 

Сондай-ақ оқыңыз