Тоқаев: Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады

Жарияланды
Тоқаев: Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады / t.me/aqorda_resmi

Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын атап өтті.

«Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деді Тоқаев.

Ол қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін атап өтіп, соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін айтты.

«Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол.

Президент экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтты. Ол ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болуды ескертті.

Сонымен қатар, жастарды кітап оқуға баулудың маңызына тоқталып, Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана ғимараты салынатынын да жеткізді.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», – деді президент.

Ол Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылып, жастардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалғанын айтып, облыс әкімдеріне осы тәжірибені жалғастыруды тапсырды. Бұдан бөлек ол Ұлттық кітап күнін бекітуді қолдайтынын айтты.

«Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын», – деді президент.

Бұған дейін Мемлекеттік қызметке тұру барысында азаматтарға қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест тапсыру міндеттелуі мүмкін екенін жазғанбыз. 

Қазір мемлекеттік қызметке тұру барысында қазақ тілін білу тест тапсыру заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген.

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдасы аясында Siri мен Алиса сынды дауыстық көмекшілердің қазақстандық баламасы – Айсана атты робот шықпақ. Ол қазақ тілінде сөйлеп, жауап беретін болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз