«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының түсімі 4,2% төмендеді

Жарияланды
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының түсімі 4,2% төмендеді / Фото: архив kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2023 жылдың қаржылық есебін жариялады. Есеп халықаралық стандарттарына сәйкес дайындалған, деп хабарлады Қазақстан қор биржасы.

2023 жылдың басты қаржылық көрсеткіштері қандай?

Есеп бойынша Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясының түсімі 8 320 млрд теңгені (18 236 млн АҚШ доллары) құрады. Былтыр бұл көресткіш 8 693 млрд теңге (18 860 млн АҚШ доллары) болатын. Демек түсім 4,2% төмендеген.

EBITDA көрсеткіші 1 995 млрд теңге (4 372 млн АҚШ доллары) болды. 2022 жылы 2 536 млрд теңгеге (5 502 млн АҚШ доллары) жеткен.

Ал бірлесіп бақылауға алынатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар пайдасындағы үлесті ескергенде, таза пайдасы 924 млрд теңгені (2 026 млн АҚШ долларын) құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 1 307 млрд теңге (2 835 млн АҚШ доллары) еді.

Бірлесіп бақылауға алынатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда 1 010 млрд теңге (2 214 млн АҚШ долларын). 2022 жылы көрсеткіш 2 778 млрд теңгеге (1 687 млн АҚШ доллары) болатын.

Ұлттық компанияның бос қаражат айналымы 11,8%-ға төмендеді

ҚМГ бос қаражат айналымы да 11,8%-ға төмендеген. 2023 жылғы сома 984 млрд теңгені (2 157 млн АҚШ долларын) құрады. Бір жыл бұрын 1 116 млрд теңгеге (2 421 млн АҚШ доллары) жеткен.

2023 жылғы 31 желтоқсандағы жалпы қарыз 3 757 млрд теңгеге (8 265 млн АҚШ доллары) тең. 2022 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткіш 4 154 млрд теңге (8 980 млн АҚШ доллары) болған.

ҚМГ былтырғы 31 желтоқсандағы таза қарызы 1 645 млрд теңгені (3 620 млн АҚШ доллары) құрады. Былтыр 2 154 млрд теңге (4 655 млн АҚШ доллары) деңгейінде қалыптасқан.

«Сомалар ыңғайлы болу үшін тиісті кезеңдегі орташа айырбастау бағамы бойынша АҚШ долларымен көрсетілген. 2023 және 2022 жылдардағы орташа бағам бір АҚШ долларына шаққанда 456,21 және тиісінше 460,93 теңгені құрайды. 2023 жылғы 31 желтоқсанда және 2022 жылғы 31 желтоқсанда – кезең соңындағы бағам АҚШ долларына шаққанда 454,56 және тиісінше 462,65 теңгені құрайды», – деп түсіндірді компания.

2023 жылы қаңтар-қыркүйек айларында таза пайда 18,3% төмендеді

Еске сала кетсек, Ұлттық компанияның қаңтар-қыркүйек айларындағы таза пайдасы 18,3%-ға төмендеген. 2022 жылы 9 айда 2 532 млн доллар таза пайда тапқан. 2023 жылы үш тоқсанда пайда 2 млн доллардан сәл ғана асқан. Табысқа өндіріс көлемінің артуы да әсер ете алмаған.

«Бірлесіп бақылауға алынатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар кірісіндегі үлесті ескергенде, компанияның таза пайдасы 1 161 млрд теңгемен (2 532 млн доллар) салыстырғанда 949 млрд теңгені (2 095 млн долларды) құрады», – делінген есепте.

Қазақстан қор биржасында жарияланған аралық қаржы есептілігіне сәйкес, түсім 6 087 млрд теңгені құраған. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10% аз.

ҚМГ өз есебінде кірістің төмендеуіне биыл Brent маркалы мұнай орташа бағасының 22,2%-ға төмендеуі кері әсерін тигізді деп жазады.

Сондай-ақ оқыңыз