Жаңалықтар

2023 жылдың қорытындысы бойынша кедендік түсімдер көлемі 4 трлн теңгені құрады – МКК  

кеден
Кедендік төлемдер 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға артқан / Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4,1 трлн теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар түскен. Бұл жайлы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаментінің директоры  Елдос Саудабаев айтты.

Комитет өкілі 2021 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 78%-ға артып, 2 296,4 млрд теңгені құрғанын атап өтті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Ол кезде кедендік түсімдер 3 452,8 млрд болған.

«2023 жылы экспорттық кедендік алымдарды есепке алмағанда кедендік төлемдер мен салықтар 2 401 млрд теңге түсті. 2021 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 92%-ға артып, 1 247,5 млрд.теңгеге, ал 2022 жылмен салыстырғанда 34%-ға артып, 1 792,3 млрд теңгеге арты. Кедендік әкімшілендіру шаралары есебінен бюджетке қосымша – 149,6 млрд теңге өндірілді», – деді Саудабаев. 

Ал үшінші елдермен сыртқы тауар айналымы 2023 жылы 111,3 млрд долларды құраған. Оның ішінде экспорт – 67,6 млрд доллар болса, импорт – 43,7 млрд доллар болған. 

Қазақстан мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 31,5 млрд долларға жеткен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ол жылы бұл көрсеткіш 18 млрд долларды құраған. Ал 2022 жылы 24,2 млрд долларға жеткен. Оның ішінде экспорт үлесі 14,7 млрд доллар, импорт үлесі – 16,8 млрд доллар болған. 

Саудабаев сонымен бірге бұл саланы цифрландыру кедендегі кедергілерді жоюға көмектескенін атап өтті. Айтуынша, ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы барлық автомобиль өткізу пункттерінде, барлығы 10 өткізу пунктінде электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесі енгізілген. 

«Жүйе «Qoldau.kz» платформада және «Сargoruqsat» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істейді. Жүйені енгізу республикалық маңызы бар жолдар бойында автокөлік құралдарының нақты жиналуын болдырмауға мүмкіндік берді және тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етті. Өз кезегінде, автокөлік құралдарының жиналмауы шекара маңындағы аудандардағы әлеуметтік және криминогендік жағдайдың жақсаруына, сондай-ақ өткізу пункттерінің өткізу қабілеттілігіне әсер етті. Бүгінгі таңда бұл жүйе Орталық Азиядағы жалғыз жүйе», – дейді Саудабаев.  

2024 жылы тек қаңтар-ақпан айларында ЕАЭО-дан бөлек Қытай, Өзбекстан, Түркісменстан сыны үшінші елдермен шекарадағы автомобиль өткізу пунктері арқылы 162 мыңнан астам автокөлік құралдары өткен. Ал жылдық көрсеткіште алар болсақ, ел аумағынан 2023 жылы 1 млн-нан астам автокөлік құралдары өткен. Оның ішінде Қазақстанға – 579 263 автокөлік кірген, ал 451 293 автокөлік шыққан. Бұл көрсеткіштер 2022 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

«2022 жылы 639 мыңнан астам автокөлік жүрді. Көріп отырғаныңыздай өткен жылы өткізу қабілеті 61% артты», – дейді комитет өкілі

Еске сала кетсек, өткен жылдың көктемінде мемлекеттік шекарадан көліктерді электронды кезек жүйесімен өткізу қағидасы бекітілген болатын. Оған сәйкес автомобиль көлігі құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы, оның ішінде электрондық кезек жүйесін пайдалана отырып өткізілуі керек болған.