Қазақстан тоқсандық ЖІӨ есептеудің жаңа әдісіне көшеді – Ұлттық статистика бюросы

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан тоқсандық ЖІӨ есептеудің жаңа әдісіне көшеді / kursiv.media

Ұлттық статистика бюросы жалпы ішкі өнім бойынша тоқсандық деректерді дискретті әдіспен есептей бастайды. Бұл туралы бюроның сайты хабарлады.

Тоқсандық деректердің есебіне барлық үш әдіспен есептелетін – өндіріс, түпкілікті пайдалану, кіріс жатады.

Дискретті әдіс пропорционалды дентон әдісін қолдана отырып, жеке тоқсандар бойынша деректердің қалыптасуын қамтамасыз етеді. 

Дентон әдісі қолдану қарапайым және бенчмаркингтің түрлі міндеттерін шешуде икемді әрі сенімді екенімен ерекшеленеді. Сөйтіп бұл әдіс тоқсандық ұлттық шоттарда және ресми статистиканың басқа салаларында кеңінен тарала бастады. 

Бұл жыл бойына ЖІӨ динамикасындағы өзгерістерді уақтылы бақылауға мүмкіндік береді. Солайша негізделген басқарушылық шешімдердің жедел қабылдануына ықпал етеді. 

Дискретті әдіс барлық халықаралық стандартқа сәйкес келеді және нарықтық экономикасы бар барлық дерлік елде қолданылады. 

Дентон әдісі (кейінірек бенчмаркинг деп таныла бастады) – тоқсандық (немесе айлық) қатарларды түзетілген мәндердің жылдық қосындылары тәуелсіз жылдық жиынтық мәндерге тең болатындай және тоқсандық жиынтық қатарларда жылдар арасындағы жасанды алшақтықтар болмайтындай етіп түзету әдісі.

Тоқсандық және жылдық деректер бенчмаркингі екі мақсатта қызмет етеді:

  • жылдық көрсеткіштермен байланысты тоқсандық уақыт қатарларын құру үшін жылдық деректерді тоқсандық бөлуге («ретроспективті қатарлар»);
  • жылдық тірек көрсеткіштері жоқ тоқсандардың бағалауын алу үшін тоқсандық экстраполяцияға («перспективалық қатарлар»).

Қазақстан ЖІӨ бойынша Ресейді қуып жетті

Айта кетейік, Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша Ресейді қуып жетті.

2023 жылы Кавказ және Орталық Азия елдерінің экономикасы 4,8%-ға өскен. Сарапшылар пікірінше, 2024-2025 жылдары өңірде инфляцияның баяулауы жағдайында өсім 4,5-5%-ға жетеді деп күтілуде. Бұл жайлы INFOLine ақпараттық агенттігінің зерттеуінде жазылған. 

Агенттік зерттеулеріне сенсек, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша Қазақстан Ресейді қуып жеткен. Орта есеппен оның көлемі 13 мың долларға жуықтаған. Ал бұл көрсеткіш осы аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай көп. Яғни бұл көрсеткіш Тәжікстаннан 11 есе, Қырғызстаннан 7,1 есе, Өзбекстаннан 5,2 есе артық екен.

Қазақстан экономикасы 2028 жылға қарай 6% болады

Еске сала кетсек, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан экономикасы 2028 жылға қарай орта есеппен 6 пайызға жетіп, елдегі инфляция 5 пайызды құрауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Ал Дүниежүзілік банк қаңтарда Қазақстанның ЖІӨ өсімі болжамын 4,3%-ға дейін жақсартты. Банк болжамы бойынша 2025 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 4,5% деңгейінде өседі.

Сондай-ақ оқыңыз