Қытайлық көліктер Қазақстанда қандай автобрендтермен бәскелеседі

Жарияланды
Фото: Илья Ким

Мамыр айында Қазақстанда Kaiyi көлігінің сатылымы ресми түрде басталады. Бұл Қазақстан нарығындағы 15-ші қытайлық автобренд. Қазақстан нарығындағы орын үшін Аспан асты елінің авоөндірушілері арасында іштей тайталас бастала ма? Әлде оларға шетелдік бәсекелестерге төтеп беру керек бола ма? «Курсив» осы жайды сарапшылардан сұрап көрді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сатылған он ең танымал брендтің жетеуі Қытайда шығарылған. Өткен жылы қытайлық автобрендтер қазақстандық нарықтағы үлесін екі есе арттырды. Бір жылда 40 мыңнан астам көлік сатқан (жалпы ресми сатылым 200 мың, бұл отандық авторетейл тарихындағы ең үздік көрсеткіш). Қазақстанда ең көп сатылатын қытайлық автобрендтер – Chery, Haval және Jac.

Былтырғы табысқа әсер еткен басты фактор – Украинадағы соғысқа байланысты логистикадағы қиындықтан кейінге қалдырылған сұраныс пен коронавирус дағдарысы кезінде жинақтаушыларды жеткізудегі проблема болды. Диллерлер 2024 жылы сатып алушылар үшін күрес күшті болатынын болжап отыр. Ал Қазақстан нарығына келетін жаңа брендтер бәсекенің артуына ықпал ететіні сөзсіз.  

 «Қазақстан нарығында барлық бренд (көптеген ел– «Курсив») бар, сонымен қатар еуропалық және корейлік те бар. Сыйымдылығы жылына 200 мыңға жуық автокөлік қана болатын нарықта өндірушілердің барлық қалағанын орындау мүмкін емес. Өйткені Қазақстан нарығы бұған сай емес. Сол себепті биыл нарықта сатып алушы үшін білек сыбанып күресуге тура келеді. Бәсекеге төтеп берген мықты брендтер ғана қалатыны, сөзсіз. Дегенмен клиенттер тарапынан сұранысқа ие бола алмайтын көптеген бренд ерте ме кеш пе ысырылып қалады», – деді Қазақстандағы Geely дистрибьюция директоры Виктор Нестеров ақпанда журналистермен болған кездесуде.

Корейлік көліктер мен тебілген көліктер

Көптеген қытайлық брендтің ресми дистрибьюторлары Қазақстандағы басты бәсекелесі кім екенін айтудан бас тартты. Тек Қазақстандағы Omoda брендінің өкілдері ғана ойларымен бөлісе алды. Бұл бренд жергілікті нарықта өздеріне корей мен жапондық автоөндірушілер бәсеке туғызатынын айтты.

«Сапасы мен жабдықталу жағынан алып қарайтын болсақ, Қытай автоөнеркәсібі көпке танымал корей, жапон брендтерінен кем түспейді. Бірақ бағасы жағынан тұтынушыға тиімді ұсыныс жасай алады», – деді Omoda және Jaecoo ресми дистрибьюторы саналатын Aster компаниясының өкілдері. Бұл екеуі де Chery Automobile концернінің құрамына кіреді.

Сhery компаниясы өкілдері өздерінің жаңартылған Tiggo 8 PRO Max-пен корейлік Kia Sorento-ны салыстырғанымен, «Курсивтің» басты «бәсекелестеріңіз кім» деген сауалына жауап бермей сытылып кетті. Олардың айтуынша, өздерінің жаңартылған модельдері корейлік кроссоверлерді технология мен қауіпсіздік жағынан «шаң қаптырады» және 3,7 млн теңге арзан тұрады.

«Қытайлық автобрендтер қазақстандық нарықты жаулап алуда бір-бірімен бәсекелеспей, шоғырландырылған саясат жүргізеді деп айта алмаймын», – дейді Тәуелсіз автокөлік одағының (ТАО) төрағасы Эдуард Эдоков.

Сарапшы қытайлық автокөліктер Қазақстанда іштей бәсекелесетінін жоққа шығармайды. Бірақ та оның айтуынша, Аспан асты елі брендтері үшін елдегі басты бәсекелес – еуропалық, америкалық жапондық және басқа да брендтердің тебілген көліктері.

«Дилерлік орталықтарда жаңа қытайлық көліктің бағасы 7 млн теңгеден басталады. Бұрын тебілген, бірақ жақсы ұсталған көліктердің орташа бағасы да осы шамалас. Тебілген көлік алмақ болғандар тап осы ақшаға дилерден жаңа көлік алуға болатынын көргенде ойланып қалады да, жаңа көлік таңдайды. Оның үстіне көлікке кепіл мен сервистік қызмет берілетіні тағы бар. Көптеген қазақстандық салоннан көлікті күнде ала бермейді, ал қытайлық көліктің бағасы бірінші рет көлік алып жатқан адам үшін тиімді. Қытайлықтар бәсекелесетін жалпы сұраныстағы модельдер жайлы айтатын болсақ, бұл бірінші сегмент», – деп сөз жалғады Эдоков.

ТАО төрағасының пікірінше,  жаңа автокөліктер сегментінде қытайлық көліктердің басты қарсыласы «корейліктер» болып қала береді.

«Былтырғы жылдың статистикасы Қазақстанда корейлік брендтер көп сатылатынын көрсетті. Бірақ та сапасы ортан қол корей көлігінің өзі 7 млн-нан емес, 8,5-9 млн басталады. Алайда «қытайлықтар» бағасымен ғана емес, жабдықталу, дизайнмен «тартады». Себебі Қытайдағы автоөндірушілер кейінгі жылдары әзірлеуге көп мән беруде. Олар автокөлік шығару үшін батыс инженерлерін шақырып, тұтас дизайнерлік студияларды сатып алуда. Функционал тұрғысынан қарайтын болсақ, бағасы бірдей қытайлық көліктерде көбіне электронды көмекшілерді, диспелей  және т.б көруге болады», – деп атап өтті Эдуард Эдоков.

Фото: Илья Ким

Сарапшының ойынша, Қытай автобрендтері үшін үшінші басты бәсекелес бұл жергілікті нарықтағы бестселлер – Chevrolet Cobalt.

«Барлық қытайлық брендтер жиынтығы нарықтың шамамен 20%-ын алады. Бірақ Chevrolet немесе Hyundai барлық қытайлық брендтің сатқанынан асып түсті. Сондықтан әзірге қытайлық брендтердің өзара бәсекелесуі, оның үстіне бір концернге кіретін суббрендтердің бәсекелесуі жайлы айту мүмкін емес. Ең әуелі жалпы қытайлық брендтердің нарықта орнығуы, жайғасу мен алдағы стратегиясы жайында сөз болып отыр», – дейді Автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігі (АНБТА) директоры Артур Мискарян.

Сата білу де өнер

Қытайлық автоөндірушілердің шетелдік нарықтардағы ортақ бір осал тұсы бар. Олардың арасында қатаң бәсекенің болмауы да содан. Әңгіме ел ішінде Қытайда шығарылған көліктердің сапасы төмен деген қалыптасып қалған пікір туралы болып отыр. Қатып қалған пікірді «қалыпқа» келтіру әзірге мүмкін болып тұрған жоқ.

Strike Analytics салалық және бизнес-аналитика жүйесін жасаушы Иван Куц автомобиль саласындағы маркетингке маманданған. Оның пікірінше, қытайлық компаниялар маркетинг пен тауарды ілгерілетуге жеткілікті көңіл бөлмейді, сондықтан автоәуесқойлар арасында қытайлық көліктердің сапасы төмен деген пікір сақталып қалған.

«Қытайлық компаниялар өз көліктерін қалай сатуға болатынына ден қоймайды. Олар тек өндіруші деңгейінде ғана ойлайды. Яғни жақсы көлік шығардық бітті, енді оны сатып алады деп ойлайды. Ал мұндай тәсіл жарамайды. Себебі Қазақстанның да, Ресейдің де халық саны Қытайдағыдай емес. Сондай-ақ нарықта барлық көлікті бірдей сатып алуға дайын емес», – дейді Иван Куц.

«Адам миы таныс нәрсе мен жақсы нәрсені айыра алмайды. Бұл адамдарға тән қасиет. Жарнама мен пиар, маркетинг сол үшін керек. Адамдар жарнамасы жер жарған нәрсеге көздері үйреніп, сенімі қалыптасады. Егер дистрибьютерлер мен бренд өкілдері осыны басшылыққа алса, онда олардың көліктеріне деген сенім де артып, саудада да қызар еді. Америкалық, еуропалық, жапондық, корейлік  брендтер осылай істеген. Қытайлықтар да түбі осыған келеді», – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, автобрендтерге осы кезеңде жерігілікті нарықта танымал болу үшін барын салу керек.

Фото: Илья Ким

Артур Мискарян сайып келгенде, кімнің өнеркәсібі жергілікті жерге ауысса, нарықтағы көшбасшылыққа деген жарыста да сол жеңімпаз болатынын айтады. Қазірдің өзінде Қазақстанда қытайлық Jetour және Jac жасалды. Jac 2015 жылдан бері Қазақстанда жасалуда. 2025 жылы Astana Motors қытайлық Chery, Haval, Changan көліктерін шығара бастайды.

Әзірге қытайлық брендтер сатып алушыларды тек жеңілдетілген бағамен ғана тартып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз