Қазақстандық бітімгерлер Голан үстіртіне жетті

Жарияланды
Қазақстандық бітімгерлер межелі орынға жетті / Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Қарулы күштерінің 139 адамнан тұратын бітімгерлер тобы Голан үстіртіне жетті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарулы күштердің әскери қызметшілері Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті. Базаның орналасқан жеріне қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауға арналған әскери техника мен мүлік те жеткізілді»,– делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, ұлттық құрам базаға жайғасқан соң, рота штабы істерді қабылдау және «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясы қолбасшысының резервтік ротасының функционалын нақтылау жұмысына кіріседі.

«Бұл миссияның ерекшелігі – өз қызметімізді жеке атқаруда болып отыр», –делінген ақпаратта. Бұған дейін қазақстандық бітімгерлік контингент басқа елдердің бөлімшелерінің құрамында қызмет еткен.

Бөлімше жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, тосқауыл бекеттерді ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету және бейбітшілік уағдаластықтарының сақталуын қамтамасыз етумен айналысады. Контингент ол үшін қажетті сауытты дөңгелекті машиналар, камаздар, шағын автобустар және жол талғамайтын көліктермен жабдықталған.

Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Парламенттің қос палатасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын мақұлдады.

Оған сәйкес Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етіп келеді. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 млн доллар қаражат бөлінетінін айтқан болатын. Ол қаржы негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалды. Ал әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар.

Сондай-ақ оқыңыз