Суретші Рустам Хальфиннің онлайн-мұрағаты ашылды

Жарияланды (жаңартылды )
Рустам Хальфин суреттерінің онлайн-мұрағаты ашылды / Фото: Рустам Хальфин қоры

Суретші Рустам Хальфиннің шығармашылық мұрасымен енді онлайн-мұрағат арқылы танысуға болады.

Рустам Хальфин – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи арт өнерінің қалыптасып, өркендеуіне ықпал еткен суретші. Оның шығармашылығы туралы көптеген мақала жарияланып, каталог жарық көрді. Қылқалам шеберінің жұмыстары отандық және халықаралық көрмелерге қойылды. Мысалы, 2005 жылы 51-ші Венеция биенналесіндегі Орталық Азия павильонында ел назарына ұсынылды. Суретшінің еңбектері нонконформистік өнердің Зиммерли музейі (Нью-Брансуик, АҚШ), M HKA заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мемлекеттік музейі топтамасы (Мәскеу, Ресей), Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан), ҚР Ұлттық музейі (Астана, Қазақстан) секілді танымал өнер ордалары мен жеке коллекцияларда сақталған.

Мамандығы сәулетші бола тұра ол өз бетінше көркемсурет техникасын игеріп, Владимир Стерлиговтың көркемсурет-пластика мектебінен өтті. Казимир Малевичтің соңғы оқушысы саналатын суретші-философ Владимир Стерлигов тостаған-күмбез теориясын әзірлеген болатын. Бұл теория бойынша, ғаламдағы барлық пішін тостаған мен күмбез сипатына ие болуға ұмтылады.

Рустам Халфин шығармашылығы онлайн-мұрағатта жинақталған

Енді суретшінің шығармашылығымен Look gallery онлайн-мұрағаты арқылы танысуға болады. Жуырда ғана тұсауы кесілген платформада Хальфиннің көркемсурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сонымен қатар энвайронмент, инсталляция, перформанс фотосуреттері, іскери хаттар жинақталған.

Сонымен қатар Хальфиннің шығармашылығы туралы көпке белгісіз мақалалар мен оның осыған дейін жарияланбаған мәтіндері секілді 900-ден астам жұмыс цифрландырылды.

Руслан Хальфин мен Роза Әбенова. Фото: Рустам Хальфин қоры

«Мұрағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, сондай-ақ жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жалпы оқырманға арналған. Онлайн-мұрағат – Рустам Хальфин шығармашылығы қорының мәліметтерді жинау, жүйелеу және цифрландыру бойынша екі жыл бойы жүргізген жұмысының нәтижесі», – дейді дейді Руслан Хальфин, Рустам Хальфин мұрасы қорының негізін қалаушы.

Мұрағат Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің қалыптасуына және дамуына қатысты процестерді ескере отырып, суретшінің мұрасын зерделеуге мүмкіндік береді. Материалдардың басым көпшілігі 80-шы жылдар мен 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жоба жұмысы ары қарай жалғаспақ. Бұл ретте 3000 шамасындағы ақпарат жинақталады және кезең-кезеңімен цифрландырылады. Онлайн-мұрағат Рустам Хальфиннің LOOK Gallery атты галереясының құрметіне дәл осындай атау берілді. Бұл галереяны суретші 1999 жылы ашқан болатын. Онда Хальфин инсталляцияларын, жобаларын, перформанстарын жасады. Арнайы платформа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр.

Табиғатынан көшбасшы, зиялы, шығармашылық тұрғыдан стратег болған Рустам Хальфин әрдайым алғашқы болуға ұмтылды. Мәселен, бірінші болып «жаңа өнер» түрлерін игерді, бірінші болып арт-қауымдастықты бірігуге шақырды, «үлкен өнер әлеміне кіру» керектігі және бұл жолда біреуге ұқсамай, керісінше, ерекшелеп тұратын дүниелерді пайдалану қажет екендігі жайлы алғашқы болып айтты.

«Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының мұндай ауқымды мұрағатын зерттеу және ғылыми тұрғыдан саралау суретшінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің көшбасшысы ретіндегі бейнесі жайлы сараптамалық пікірді аша түсуге мүмкіндік береді», – дейді куратор, галерист, Қазақстанның Ұлттық музейінің Заманауи өнер орталығының басшысы (2014–2019) Роза Әбенова.

Сондай-ақ оқыңыз