Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық бюросының сұрауы бойынша алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген күдікті Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
«Әйел топ құрамында алдын ала сөз байласу арқылы Kolesa.kz сайтында автокөліктерді сату туралы хабарландыру жариялап, азаматтарды үлкен сомаға алдаған. Полиция алаяқтықтың 17 фактісін тергеп жатыр», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жеке шоттардан 104 млн ұрлаған
Бұған дейін азаматтардың жеке шотынан 104 миллион теңге ұрлаған алаяқ ұсталғанын жазған едік.
Ақмолалық полицейлер Ресейден келіп, Қазақстан аумағында ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған дропперді ұстады, деп хабарлайды Рolisia.kz.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті еліміздің әрі өңірінде 25 түрлі алаяқтық әрекет жасап, 104 миллион теңге көлемінде шығын әкелген.
Алаяқтықтың жаңа түрі
Еске салайық, алаяқтар өзін сот орындаушылары ретінде таныстырып, халықты алдауға көшкен.
Алаяқтар Әділет министрлігінің атын жамылып, халықты алдай бастаған. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
«ҚР Әділет министрлігі алаяқтар өздерін әділет органдарының қызметкерлері немесе сот орындаушылары ретінде таныстырып жүргенін ескертеді. Олар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етеді», – дейді Талғат Уәли.
Жалпы 2023 жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.
Елімізде алаяқтық 3%-ға артқан
Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттардың сауалына берген жауабында 2023 жылы қабылданған шараларға қарамастан, алаяқтықтың 3 %-ға артқанын айтты. Солайша бұл бағыттағы қылмыстар саны 43 499-дан 44 786-ға дейін артқан. Ал олардан келтірілген залал 26%-ға өсіп, 110млрд теңгеден 139млрд теңгеге жеткен.
Маусымда Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын мәлімдеді. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталған.
Ал өткен жылдың желтоқсан айында Украинаның ұлттық полициясымен бірге Днепропетровск облысының аумағында арнайы операция жүргізілген. Нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысып, алаяқтық жасап жүрген Украинаның 32 азаматынан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдалану арқылы жасалатын телефон алаяқтығы екі есе төмендеген.