Қазақстан халқына қоры ауылда тұратын 20 мың оқушының жазғы демалысына 2 млрд теңге жұмсамақ

Жарияланды
Қазақстан халқына қоры ауылда тұратын 20 мың оқушының жазғы демалысына 2 млрд теңге жұмсамақ / Фото: «Қазақстан халқына» қоры

«Қазақстан халқына» қоры әлеуметтік қайрымдылық марафоны аясында ауылда тұратын 20 мың баланың жазғы демалысына арналған сертификат табыс етті. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Қордың «Qh Жаздық жолдама – 2024» деген қайырымдылық жобасы бар. Жоба аясында ауыл мектептерінің директорына 5-8-сынып оқушыларының жазғы демалысына арналған сертификат табысталды.

Ауыл мектептерінде оқитын 10-14 жас аралығындағы оқушыларының жазғы  демалысына арналған жолдаманы оқуда, спортта, шығармашылықта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, мектеп өміріне белсенді қатысатын және аз қамтылған, көпбалалы, әлеуметтік осал топтардағы отбасылар санатындағы 20 000 бала алады, – делінген қор хабарламасында.

Көркем өнерпаздар қатысқан салтанатты жиындар 2 860 ауылдық мектепте өтті. Сонымен қатар ауылдық округтер мен аудандар әкімдігі 1 046 іс-шараны ұйымдастырды. Жақсылық марафоны 3 876 ауылдық мектепте өтті.

«Qh Жаздық жолдама – 2024» қайырымдылық жобасының бюджеті – 2.1 млрд теңге. Жоба тек ауылдық  жерлерде оқитын балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Жоба өскелең ұрпақтың патриоттық сезімі мен оқуға деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың көпмәдениетті ортада қарым-қатынас пен өмірлік қажет машықтарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол оқушылардың кәсіптік бағдары мен бәсекеге қабілетін күшейтудің тағы да бір құралына айналмақ.

«Қазақстан халқына» қоры – қоғамдық әлеуметтік қор. Бұл мемлекеттік қолдау шараларынан тыс өмірдің негізгі салаларындағы қазақстандықтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған.

Бұған дейін «Қазақстан халқына» қорына екі жылда қанша қаражат түскенін жазған едік.

«Қазақстан халқына» қорына 2 жылдан бері 196,6 млрд теңге қаражат түскен. Бұл жайлы қордың Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев айтты.

Қор 2 жыл ішінде жалпы сомасы 90,9 млрд теңгеге көмек көрсеткен. Бұл қаражат қазақстандықтардың денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мәдениет және спорт салаларына көмек көрсетуге жұмсалған.

«Қор бағдарламалары еліміздің барлық 20 өңірінде іске асырылады және ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларға баса назар аударылады. 2022 жылы біз қайырымдылық бойынша үлкен ұлттық конференция өткіздік. Қор өзінің қызмет ету мерзімінде жалпы сомасы 177 млрд теңгеге іске асыруға жоспарланған 67 қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы болды», – деді «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.

Сондай-ақ оқыңыз