Демалыс-2024: қазақстандықтарға көктемде баруға қолайлы 6 ел

Жарияланды (жаңартылды )
саяхат, Таиланд
Демалыс-2024: қазақстандықтарға көктемде баруға қолайлы 6 ел / Shutterstock

Үш ай қыстан кейін әлі күн жыли қоймады. Мұндайда жылы жаққа ұшып кетіп, демалып келетін нұсқаны ғана ұсынуға болады. Жазды күтпей-ақ шабаданыңызды жинап, еңбек демалысына шығып кетіңіз. Десе де, қай бағытқа баруға болатыны жайлы біршама ақпарат алған абзал. Kursiv Media тілшісі көктемде баруға қолайлы елдердің топтамасын дайындады.

Египет

Көктемде Египетте не істеуге болады?

  • Жағажайда жатып демалуға әбден болады. Сәуірдің соңына қарай Қызыл теңіздің суы ысып түсуге болады. Тіпті осы кездегі су температурасы теңізде ұзағырақ жүзуге мүмкіндік береді. Ми қайнайтындай ыстық болмаған соң, көлеңке іздеп әуре болмайсыз.
  • Түрлі экскурсияға бара аласыз. Жаздың басында күн қатты ысып кетеді. Ондай кезде көрнекі жерлерді көргенде қатты шаршап, әліңіз құриды. Сол себепті Луксор храмдарын, Мысыр пирамидаларын көргіңіз келсе, осы сәуірдің аяғы, мамырдың басы — ең жақсы кез.
  • Су спортымен айналысуға болады. Дайвиңге қызығып жүргендерге таптырмайтын уақыт — көктем. Одан бөлек, серфиң, уиндсерфиң және өзге де суға қатысты ойын-сауық түрін байқап көре аласыз. 

Ауа райы қалай болады?

Мысырда көктемде ауа райы жақсы. Бірақ наурызда, сәуірдің басында сәл салқындау болады. Күн шығып тұрғанымен, арагідік жел соғады. Шөл жақтан құммен араласып келетіні тағы бар. Сондықтан Египетті көргіңіз келсе, сәуірдің соңы не тіпті мамырдың басында барған жөн. Ол кезде ауа температурасы +28 °C, теңіздікі 24 °C шамасында болады.   

Артықшылықтары мен қолайсыздықтары

Бұған дейін айтқанымыздай, көктемде күн қатты ысымайды. Сондықтан біраз серуендеп, экскурсия жасап үлгересіз. Одан қала берді экзотикалық жемістің де түрі көп. Ал кемшіліктеріне келсек, шөл жақтан қатты жел тұрып, соның кесірінен жағажайда армансыз жата алмауыңыз мүмкін. Бұл, әрине, көктемнің басында ғана болатын жағдай. Одан қала берді мысырлық қонақүйлер жаңа жағажай маусымының алдында жөндеу жұмыстарын жасап жатуы мүмкін. Сондықтан алдын ала сұрап, біліп алыңыз.

Түркия

Көктемде Түркияда не істеуге болады?

  • Жағажайда жата аласыз. Бірақ ол үшін көктемнің соңына қарай барыңыз. Жерорта теңізіндегі курорттарды ғана таңдаңыз. Бұл қатарда Алания, Анталия, Кемер және Белек бар. Басқа жақта күн ысымайды.
  • Экскурсия жасаңыз. Наурыз, сәуірде жол тартатын болсаңыз, онда теңізде түсе алмайсыз. Дегенмен танымдық экскурсия жасауға әбден болады. Стамбул, Анталия, Каппадокияда көретін жер көп.
  • Ем алуға болады. Көктемнің басы болсын, соңында болсын Памуккалеге барып, термалды суға барсаңыз болады. Ол жердің спа-релаксы керемет.

Түркияның ауа райы

Наурызда ауа райы теңізде түсетіндей болмайды. Жерорта теңізінің жағасында теңіз температурасы +17 °C шамасына дейін ғана жылиды. Ал егер демалысты наурызға алып қойған болсаңыз, онда осы уақытта ашық тұрған тау-шаңғы курорттарына барып көруге кеңес береміз. Сәуірде нағыз көктемнің шуақты күндері басталады. Ауа температурасы +20 °C-тан асып, мамырдың басында кәдімгі жағажайға жайғасуға болады.  

Артықшылықтары мен қолайсыздықтары

Жазда теңіз жағасындағы курортта адам көп. Егер сондайды ұнатпайтын болсаңыз, онда көктемнің аяғында барсаңыз болады. Турист саны әжептәуір аз болады. Баға да ұшып тұрмайды. Персонал да жақсырақ көңіл бөлуге уақыт табады. Егер көрнекі жерлерді көргіңіз келсе де, осы уақыт жақсы. Күн шыжып тұрмаған кезде армансыз аралап аласыз.

Таиланд

Көктемде Таиландта не істеуге болады?

  • Жағажайда демалуға болады. Бұл жаққа барлығы дерлік жағажайда демалу үшін барады. Аппақ, жұмсақ құмда қыздырынып, теңізге түскісі келеді. Наурыздың соңы, сәуірдің басында бара берсеңіз болады. Температура теңізде демалуға әбден қолайлы.
  • Бұл жақтағы мерекелерді көре аласыз. Сәуірдің ортасында Таиландта Сонгкран жаңа жылын толайды. Бұл — тайлықтардың мейрамы. Күн ысып кететіндіктен, бәрі бір-біріне су шашып, тойлайды.
  • Теңіз экскурсияларын жасаңыз. Көктемде баратын болсаңыз, әдеттегі экскурсиядан гөрі теңіздегіні таңдаңыз.
  • Дайвиңмен айналысыңыз. Теңіздің түбіне түсіп көргісі келетіндер теңіздің тыныштау әрі анық көрінетін кезі — наурыз, сәуірде барғаны абзал.

Көктемдегі ауа райы

Мамырда Таиландта муссон яғни жел тұрады. Соның әсерімен жаңбыр құйып, ылғалдық көтеріледі. Наурызда келіп демалған дұрыс дейтін себебіміз сол. Көктемнің басында Пхукет, Паттайя сияқты курорттарда орташа температура +32 °C болса, ортасына қарай тіпті +35 °C болады. Ыстық көтере алмайтындар көктем шыққан бойда барғаны дұрыс. 

Артықшылықтары мен қолайсыздықтары

Наурыз-сәуірде баруды жоспарлағандарға көп артықшылық бар. Әсіресе, сәуірде баға арзандау болады. Сондықтан демалысты көктемде өткізген қалтаңызға да қолайлы. Жаңбыр да қатты құймайды. Теңіз тыныштау болатыны тағы бар. Жағажайда ойын-сауықтың бәрі ашылып, аквапрактерге бара аласыз. Дүкен сөрелерінде жаңа піскен жеміс самсап тұрады. Кемшіліктеріне келсек, өте ылғал болады. Күннің ыстығын көтере алмайтын егде жастағыларға, жүрек және қан-тамыр ауруы барлар мен балаларға қиындау. Мамырда бағаның түсетін себебі — теңіз тыныш болмайды, жел тұрады, жаңбыр жауады. Сол себепті мамырда бару-бармау туралы шешімді өз күшіңізге қарай қабылдағаныңыз абзал.

БАӘ

Көктемде Біріккен Араб Әмірліктерінде не істеуге болады?

  • Жағажайдағы демалыс. Теңіздің жағасында армансыз жатқыңыз келсе, онда сәуірде барған дұрыс. Бұл уақытта Дубай, Шаржа, Абу-Дабиге барсаңыз болады.
  • Шопиң. Наурыз, сәуір айларында Абу-Дабиде Шопиң фестивалі өтеді. Әжептәуір жеңілдікпен зат алып қалуға таптырмас мүмкіндік.
  • Балалармен демалыс. Отбасымен барып демалғысы келетіндерге ең қолайлы бағыттардың бірі. Дубай мен Абу-Дабиде балаларға арналған парк, аквапарк жетіп артылады. Ал сәбилермен демалуға Шаржаны таңдаған дұрыс.  

Ауа райы қалай?

Көктемде осы елге барғысы келетіндер сәуірде жол тартсын. Себебі наурызда Оман, Парсы шығанақтарындағы су әлі түсетіндей жылымайды. Ал мамырда, керісінше, қатты қызып кетеді. Сол себепті көктемнің ортасында барыңыз. Курортты жерлердегі ауа райы +30…+32 °C болса, теңізде 27 °C шамасында болады.   

Артықшылықтары мен қолайсыздықтары

Егер БАӘ-ге сәуірде барсаңыз, бәрі керемет болады. Тек баға қымбатқа шығады. Ал енді наурызда жол тартатын болсаңыз, суға түсе алмауыңыз мүмкін екенін есте ұстаңыз. Десе де соның есесін аквапарктерден шығарып ала аласыз. Мамырдағы саяхаттың кемшілігі — күннің ыстығы. 

Грузия

Көктемде Грузияда не істеуге болады?

  • Экскурсия. Көктем — Грузияың тарихи жерлерін тамашалауға таптырмас кезең. Тбилисиді тамашалап, грузин асханасынан дәм татып, мейрамханаларына баруға болады.  
  • Ем мақсатында бара аласыз. Сәуір-мамырда Боржоми шипажайына барып көрген дұрыс. Минерал судың емдік қасиеті бар.
  • Тау-шаңғы демалысы. Тауда шаңғы тебу үшін наурызда барған абзал. Бұл уақытта Гудаури мен Бакурианиде әлі қар жатады.

Ауа райы қандай болады?

Наурызда Грузияда күн әлі суықтау болады. Шамамен +1…+2 °С. Сондықтан туристің дені бұл уақытта тау жаққа барып, шаңғы тебеді. Ол —  Гудаури және Бакуриани курорттары. Ал сәуірде Тбилисиде күн жылиды. Бас қаладағы температура бұл уақытта +14…+18 °С шамасында болады. Армансыз серуендеуге мүмкіндік мол. Боржоми курортында — +10..+12 °С. Таудың таза ауасымен демалып, ем алуға барған жөн. Ал мамырда Қара теңіздің жағасындағы Батумиде күн ыси бастайды — +26…+28 °С. Десе де, шомылатындай емес. Себебі теңізде +18…+20 °С ғана болады.   

Артықшылықтары мен қолайсыздықтары

Грузияда көктемде жақсы демалуға болады. Әсіресе, не суық емес, не ыстық емес ауа райын жақсы көретіндерге ыңғайлы. Курорттарда адам қарасы аз, емін-еркін аралап, қыдыра аласыз. Баға да шарықтап тұрмайды. Басты қолайсыздығы тек теңізге түсе алмайтыныңыз. Әрі бұл уақытта ойын-сауық парктерінің дені жабық болады. Одан қала берді аяқ-асты күн суып, жаңбыр жауып кетуі де әбден мүмкін. Осы кемшіліктерді ескеріңіз. Егер бұл сізге қолайсыз болмаса, онда осы бағытты еш қорықпай таңдай беріңіз.

Мальдив аралдары

Көктемде Мальдив аралдарында не істеуге болады?

  • Жағажайда демала аласыз. Бұл бағытқа баратынның бәрі осы жағадай үшін баратыны анық. Сондықтан теңіз жағасында жақсылап шомылып, қыздырыну үшін көктемнің алғашқы жартысына барған дұрысырақ.  
  • Ойын-сауық. Суға қатысты қызықтың неше түрі бар. Көктемде баратындар теңіз асты жақсы қөрінгенін қаласа, онда Мальдивке сәуірдің соңында дейін барып үлгерсін. Дайвиң, снорклиң сүйетіндердің наурыз, сәуір айында баратын себебі сол. Ал мамырда серфер, уиндсерферлер көп барады. Айтпақшы, егер сіз де сондай экстримді жақсы көрсеңіз, биік-биік толқын мен жел тұратын кезең күзге дейін жалғасады.
  • Теңіз жақта серуендеуге болады. Мальдив аралдарын аралап көргіңіз келсе, күн әлі қатты ысымаған, жел мен толқын тыныштау уақыт — наурыз, сәуір айларын таңдағаныңыз дұрыс.

Көктемдегі ауа райы қалай?

Мальдивте көктемде ауа райы біраз құбылып тұрады. Мысалы, наурызда аралдарда әлі күн қатты ыстық болмайды (+31 °С), бірақ күн шуақты. Ал сәуірде күн бұзыла бастайды. Мамырда тіпті ысып, жаңбыр, жел болып кетеді. Мұндай қолайсыз ауа райын екінің бірі көтере алмайды. Ылғалдық өте жоғары. 

Артықшылықтары мен қолайсыздықтары

Көктемнің алғашқы жартысында Мальдив аралдарына барғанның жағымды тұсы көбірек. Өйткені аралдарда күншуақ болады. Ал теңіз тынышырақ, су асты анығырақ көрінеді. Сонымен бірге осы уақытта ұлттық мереке көп болады. Осылайша елдің мәдениетін, салт-дәстүрін жақсырақ тануға болады. Мамырда ылғалдық жоғары бола түседі. Толқындар мен жел де қатты.

Сондай-ақ оқыңыз