Антикор «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бөлінген 2,4 трлн теңгенің игерілуін бақылауға алды

Жарияланды
Антикор отслеживает освоение 2,3 трлн тенге по нацпроекту «Комфортная школа»
Антикор «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бақылауға алды/Коллаж: kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,3 трлн теңгенің игерілуін бақылауға алды. Сондай-ақ оларды уақтылы және сапалы салу үшін жауапты органдар мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру бойынша өзара іс-қимыл алгоритмін әзірледі.  Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен ұлттық жобаны іске асыруға арналған кеңесте айтылды.

Жиын барысында жобаны іске асыру кезінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері қаралды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Үкіметте қаралды

Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазынаға» «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектеп салуға жер бермей отырған әкімдіктердің жұмысын сынға алған болатын. Үкімет басшысы оларға бұл мәселені шешуге жарты айдан артық уақыт берді.

Сонымен қатар премьер министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өз уақытында аяқталмау қаупі жоғары екенін айтты. Ол «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмайтынын, әкімдіктердің формализмге салып жүргеніне тоқталды.

Жобаға жауапты «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов та әкімдіктер тарапынан жер беру уақыты кешіктіріліп жатқанын алға тартып:

«Кейбір әкімдіктер үкімет қаулысында белгіленген жер учаскелерін уақтылы беру бойынша міндеттемелерін орындамады. бүгінгі таңда бірінші кезеңде қарастырылған 208 учаскенің 5-і әлі шешілмеді. Ұлттық жоба қағидаларына сәйкес өңір әкімдіктері инженерлік коммуникациялық және қоғамдық инфрақұрылымдар мен жайлы мектептерді қамтамасыз етуге міндетті. Бүгінгі таңда 208 нысанның 11-інде қажетті инфрақұрылым бар. Бұл ретте бірінші кезеңде мұқтаж болған 197 нысанның тек 53 бойынша ғана сыртқы желілерді жүргізу мердігері анықталған», – деді.

Нұрлан Жақыпов сонымен бірге премьер-министрден жобалау мерзімін ұзартуды сұрады. Уақыт ұзарту бюджет шығындарын азайту үшін қажет екенін айтып:

«Жобалау мерзімін қысқартудың негізгі факторларын атап өтсек, бұл құрылыс компаниялары мен консорциумдағы жобалау ұйымдары ұсынатын жоғары сметалық құнға байланысты болып отыр. Мысалы, жалпы сомасы 424 млрд теңгені құрайтын 41 жобаның құны «Самұрық-Қазына» констракшн жасаған оңтайландырудан кейін 105 млрд теңгеге түсті. 2024 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 98 мектепті тапсыру жоспарлануда. Қалған 110 мектепті 2024 жылдың 15 желтоқсанына қарай тапсыру жоспарланып отыр», – деді.

Үкімет басшысы барлық жауапты органға жоспарды орындау бойынша нақты мерзімді бекітті. 

«Самұрық-Қазына» қорына 1-ші қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», – деді.

Компанияға барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтауға 15 мамырға дейін уақыт берді.

Ал әкімдіктер жер мәселесін жарты айда яғни 15 наурызға дейін шешуі керек. Ал мектепке қажетті инфрақұрылымдық құрылыстарды 1 тамызға дейін аяқтау керек.

Еске сала кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлінетіні айтылған. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы 217 білім ошағы пайдалануға берілуі керек болған. Ал 2025 жылы тағы 152 ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салынуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз