121 шетел азаматы Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылды

Жарияланды
121 шетел азаматы Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылды / коллаж kursiv.media

Республика аумағында өткен «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 121 шетел азаматы Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылды.

Polisia.kz ақпаратына сүйенсек, бес күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 10 мыңнан астам дерек анықталған:

  • Елде болу ережелерін бұзғаны үшін 4475 шетелдік; 
  • Заңсыз жұмыс істегені үшін 2118 шетелдік;
  • 613 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін;
  • 2624 жеке және заңды тұлға өздерімен бірге жүрген шетелдіктер туралы полицияға дер кезінде хабар бермегені үшін жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, қос азаматтығы бар 9 адам анықталып, шетелдіктерге елде тұруға берілген 113 ықтиярхат күшін жойған. Көші-қон заңнамасын бұзғандарды елден шығару туралы 850 сот шешімі шығарылды. 121 шетелдік елден мәжбүрлеп шығарылған. Барлық депортацияланғандарға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынады. Іздеуде жүрген 37 шетелдік ұсталған.

«Көші-қон қызметі елге шетелдіктерді шақыратын қазақстандықтарға шақырылған шетелдік азаматтардың елден уақытылы кетуін ұйымдастыру қажеттігін еске салады. Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің сақталуын қалайтын азаматтардың арқасында полицейлер бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін есірткі өндірісімен айналысқан екі шетел азаматы ұсталып, есірткі зертханасы жойылған.

«ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні өндіру және тарату әрекетінің жолын кесті. 2024 жылғы 3 қаңтарда Алматы қаласына жақын орналасқан жалға алынған жеке үйде есірткіні дайындау кезіндегі қылмыс үстінде жедел қызметкерлер екі шетелдік азаматты ұстады», – делінген хабарламада. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша тінту барысында 30 кг «альфа-PVP» психотропты затының дайын өнімі анықталып, заңсыз айналымнан алынған. Сонымен бірге 5.5 тоннадан астам прекурсорлар да тәркіленген.

Сондай-ақ оқыңыз