Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады

Жарияланды
Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады / коллаж kursiv.media

Қазақстандықтар eGov mobile қосымшасы арқылы өздерін құмар ойындар мен бәс тігуден ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады.

Туризм министрлігі, Цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуды шектеу бойынша жаңа сервисті таныстырды. 

«Енді Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер egov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады», – делінген хабарламада.

Бұған дейін өзін-өзі шектеуге қазақстандықтар ойын бизнесін ұйымдастырушылар арқылы жазбаша өтініш беруге мәжбүр болған.

«Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу процедурасын жеңілдетеді. Құмар ойындарға шамадан тыс қызығушылық танытқан азаматтар барлық заңды ойын мекемелері мен лицензияланған букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге бірден тосқауыл қоюға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Туризм министрлігінің баспасөз қызметі.

Өтінішті қалай рәсімдеуге болады

Жаңа қызметті ресімдеу үшін телефонға eGov mobile қосымшасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбамен кіру қажет.

«Өтініш бергеннен кейін сервис өтінішті дереу тіркейді және өтініш берген тұлға өтінішті қайтарып алу құқығынсыз 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Құмар ойындарға қатысуды шектеу және бәс тігу мерзімі аяқталғанға дейін шектеуді ұзарту туралы өтініш беруге болады», — деп атап өтті бағдарламаны әзірлеушілер.

Олар тізімге енген адамдар туралы ақпарат құпия болып қалады деп сендіреді.

Тоқаев лудомания туралы

Айта кетейік, 2023 жылы қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылған.

«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды«, – деді президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған.

«Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс«, – деді президент. 

Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз