7 мыңнан 280 мыңға дейін: Қазақстанда мемлекеттік органдар елтаңбаны қанша теңгеге сатып алады?

Жарияланды
Қазақстанда мемлекеттік органдар елтаңбаны қанша теңгеге сатып алады? / коллаж kursiv.media

Қазақстанда мемлекеттік органдар қолданыстағы елтаңбаға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тапсырыс береді.

18 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу порталында  елтаңбаға 12 өңірден 36 тапсырыс бар. Ең көп тапсырыс Ақтөбе облысынан – 8 тапсырыс,  Жамбыл облысынан 6 тапсырыс жариялаған.

Ең қымбат тапсырысты Абай облысы Үржар ауданының әкімдігі жариялаған. Олар ғимарат сыртына ілінетін елтаңбаны 280 мың теңгеге алуға дайын (бұл қаржыға елтаңбаны орнату құны да енген). 

Ең арзан тапсырысты Жамбыл облысы Сарысу ауданының білім бөлімі жариялаған. Олар пластиктен жасалған елтаңбаны 7 мың теңгеге алуды жоспарлаған.

Ең көп тапсырысты да осы Жамбыл облысы Сарысу ауданының білім бөлімі жариялаған. Олар 420 мың теңгеге 60 дана(әрқайсысы 7 мың теңгеден) пластиктен жасалған елтаңба, 998 926 теңгеге 37 дана(әрқайсысы 26 998 теңгеден) гипстен жасалған елтаңба тапсырыс беруге дайын. Білім бөлімі жалпы 97 дана елтаңба сатып алуды жоспарлаған.

Елтаңбаны өзгерту

Тоқаев елтаңбаны өзгерту туралы ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан еді.

«Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым», – деді президент.

Оның айтуынша, нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуы керек. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда.

«Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы 4 маусым ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Сондай-ақ оқыңыз