Тоқаев Путинді президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады

Жарияланды
Тоқаев Путинді сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтады / akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресейдегі президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтады.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, Тоқаев Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескен.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы Ресей президентінің стратегиялық бағдары жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын атап өтті», – делінген Ақорда хабарламасында.

Бұдан бөлек, тараптар стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастық барысын талқылап, өзара тығыз ықпалдастықты жалғастыруға келіскен.

Тоқаев Ресей президентінің сайлауы туралы

Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде өтетін президент сайлауы­ның Қазақстан үшін мәні зор екенін, Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнағанын айтқан болатын. Сонымен бірге, ол Ресей мен Қазақстанның негізгі серіктес әрі одақтасы екенін айтып, өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсткенін мәлімдеді. Айтуынша, екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Соған сай бар­лық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істейді. 

«Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз»,– деген еді Тоқаев.

Экзит-полл нәтижелері

Айта кетейік, осыған дейін Ресей президентінің сайлауында Алматыда тұратын Ресей азаматтары дауыс беріп, экзит-полл нәтижесі бойынша қазіргі президент Владимир Путин 8% дауыс жинағанын жазған едік.

Шетелде дауыс бер (Голосуй за рубежом) жүйесінің ақпаратына сүйенсек, Алматыда «Новые люди» партиясынан сайлауға түскен Владислав Даванков жеңіске жеткен. Оған Алматыда тұратын ресейліктердің 69% дауыс берген. 14% азамат бюллетеньді бүлдірген. Айта кетейік, Алматыда дауыс берген 8133 ресейліктің 1615 ғана экзит-полл сауалдарына жауап берген.

Ресей Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, экзит-полл нәтижесі бойынша шетелдерде Путин – 71,52%, Даванков – 17,40%, Харитонов – 2,18%, Слуцкий – 1,99% дауыс жинаған. Комиссия нақты Қазақстандағы дауыс беру учаскелеріне қатысты ақпарат жарияламаған.

Қазақстандағы Ресейдік сайлау учаскелері

Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстандағы Ресей президентін сайлауға дауыс беруі еш тәртіп бұзылмай өткенін жазған едік.

Қазақстанда 17 наурызда Сыртқы істер министрлігі желісі бойынша, жалпы жеті сайлау учаскесі ашылған. Оның екеуі Астанада, екеуі Алматыда, қалғаны Орал мен Өскемен қалаларында орналасқан. Оған қоса Байқоңырдағы Ресей аумағында бөлек дауыс беріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз