Эталондық марка Brent бағасы қымбаттай бастады. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Лондондық ICE Futures биржасында Brent маркалы «қара алтынның» мамырдағы фьючерстерінің құны барреліне 85,61 долларға дейін 0,27 долларға (0,32%) өсті.
Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) электронды саудада сәуір айындағы WTI фьючерстері осы уақытқа дейін барреліне 0,29 долларға (0,36%) қымбаттап, 81,33 долларды құрады.
Өткен аптада «қара алтын» бағасы АҚШ-тағы шикізат қорының азайғаны туралы мәліметтер мен ресейлік инфрақұрылымға ұшқышсыз ұшақтардың шабуылы туралы жаңалықтарға байланысты шамамен 4%-ға өсті.
«Алдын ала бағалаулар бойынша, соңғы күндері Ресейдің мұнайды өңдеу қуатының шамамен 15%-ы зардап шекті. Бұл мұнай экспортының қысқа мерзімді төмендеуіне әкелуі мүмкін. Өйткені билік бұның әсерін бейтараптандыруға тырысады»,– деп жазды MarketWatch басылымы.
Reuters агенттігінің талдауына сүйенсек, бірінші тоқсанда шабуылдар салдарынан Ресейдің шикізат өңдеу қуатының шамамен 7%-ы шектелген. МӨЗ кешендері шикізатты өңдеп, бірнеше нарықтарға, соның ішінде Қытай мен Үндістанға экспорттайды.
Еске сала кетсек, 15 наурыз Украина Ресей мұнайын өндіру зауыттарына жасаған шабуылынан кейін, Ресейде бензин бағасы едәуір өсті.
DW ақпаратына сүйенсек, Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы алты ай ішінде ең жоғары деңгейге жеткен. Сарапшылардың пайымдауынша, бағаның өсуі украиналық дрондардың Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылына байланысты өскен. Себебі шабуыл салдарынан зауыттар жұмысы тоқтап тұр.
Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы тоннасына 60 мың рубльден асты. Бұл 2023 жылдың қыркүйек айында Ресейдың отын экспортына эмбарго қойылған кезден бастап, төмендеген бензин бағасын кері көтерді.
1 наурыздан бастап Ресейде жанармай экспортына тыйым салынған. Бірақ биржадағы бензин қымбаттап келеді. 12 наурызда ғана Нижний Новгород зауытына шабуылдан кейін өрт болып жұмыс тоқтады. 13 наурызда Рязань мен Новошахтинск зауыттарына да шабуыл жасалып, жұмыс тоқтады. Сарапшылар сөзінше, бұл үш кәсіпорын Ресейдің мұнай өңдеу қуаттылығының 12 %-ын құраған.
Ресей президенті Владимир Путин Украина шабуылдарының қарқыны артып келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, Украина Ресейдегі президент сайлауына кедергі келтіруді көздеген.