2024 жылғы қаңтар-ақпанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1809,4 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы қаңтар-ақпандағы көрсеткішткен 7,9% көп, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Өңірлер бойынша көрсеткіш қалай құбылды?
Қызылорда облысында 64,4%, Астана қаласында 57,9%, Түркістан облысында 53,8%, Жетісу облысында 46,9%, Алматы облысында 45,5%, Батыс Қазақстан облысында 34,8% және Солтүстік Қазақстан облысында 32,4% елеулі өсуі байқалды.
Инвестицияның едәуір үлесін Атырау облысы алады (19,1%).
Республикалық күрделі салымдар көлемінің жартысына жуығын ірі және орта кәсіпорындар салды
Жалпы шығындардың 59,5% ғимараттар мен құрылыстарды салуға және күрделі жөндеуге, жалпы сомасының төрттен бірінен астамы машиналарды, жабдықтарды және көлік құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестицияларды қаржыландырудың басым көздері шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты болып қала береді. Олардың көлемі 2024 жылғы қаңтар-ақпанда 1439,7 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 79,6%-ын құрады.
Бюджет қаражаты негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 7%-ын құрады. Бұл ретте 2023 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 10,2% төмен.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банк саласының үлесі 4%-ды алады.
Салалар бойынша қалай жіктелді?
2024 жылғы қаңтар-ақпанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың негізгі үлесі өнеркәсіпке (48%) (оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді қазуына – 30,7%, өңдеу өнеркәсібі – 11,5%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (21,3%), көлік пен қоймаға (13,3%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (3,9%) тиесілі.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Оның 53%-ы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,6%-ға өсіп, 13,3 трлн теңгені құраған.
Қазақстан 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі.