Ұлттық киім кию күнін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қалай атап өтті?

Жарияланды (жаңартылды )
ұлттық киім
Ұлттық киім күнін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қалай атап өтті? / kursiv.media

18 наурыз «Наурызнама» онкүндігінде Ұлттық киім кию күні болып бекітілген. Осыған орай атаулы күнді мемлекеттік орган қызметкерлері мен ұлттық компаниялар қалай атап өткеніне шолу жасадық.

Ұлттық киім киген депутаттар

Бүгін депутаттар жұмысқа қазақша киім киіп келді. Фото Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуде түсірілген.

ұлттық киім
Фото: kursiv.media

Әскери форманы ауыстырған жауынгерлер

Қорғаныс министрлігінің жауынгерлері әскери форманы бір күн ұлттық киімге алмастырды.

Гвардейск гарнизонының әскери қызметшілері Наурызнама аясында әр дәуірдегі қазақ хандары мен батырларын сахналады. Ерекше жағдайда өткен бұл құрылтайға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мерзімді қызмет сарбаздары қатысты.

ұлттық киім
Фото: Қорғаныс министрлігі

18 жастағы жауынгерлер Керей-Жәнібек хандар, Абылай хан, Тәуке хан, Қарасай, Бөгенбай, Қабанбай батыр сынды көптеген тарихи тұлғалардың кейпіне енді.

«Дулыға, найза, қылыштар… Мұның бәрі біздің рухымызды оятқандай әсерде болдық. Өзімізді күшті сезіне түстік», – дейді қатардағы жауынгер Ринат Жұмамұратов.

ұлттық киім
Фото: Қорғаныс министрлігі

Түркістан облысында орналасқан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, 10216 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де ұлттық киім кию дәстүрін қолдады.

Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ұлттық киім киіп, мерекенің реңін келтірді.

Ардагер жолшылар

ҚазАвтоЖол компаниясының ардагер жолшылары Ұлттық киім кию күнінде мейраммен құттықтады. Елубай Жуаспаев пен Екатерина Гладкова – Солтүстік Қазақстан облысының инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқан ардагер жолшылар.

«Құрметті жолшылар! Жаңа жыл, жыл басы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Кәсіби білгірлік және жақсылық тілеймін», – деді Елубай Жуаспаев.

Абай облысының полиция департаменті «Наурызнама» деген қазақ әдебиеті мен өнері фестивалі аясында «Ұлттық киім күніне» арналған челлендж бастаған.

Полиция қызметкерлері әуелі кәсіби формамен тұрып, сосын ұлттық киімге ауысады.

Сәрсенбі – мемлекеттік тіл және ұлттық киім кию күні

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ қызметкерлерлері де Ұлттық киім кию күнін атап өткен.

ұлттық киім
Фото: «Қазақстан теміржолшысы»

Мемлекеттік тіл және ұлттық киім кию күнін сәрсенбі сайын өткізу туралы бастаманы Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия көтерді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ аппарат басшысы Серік Кеулімжаев қазақы шапан киіп, компанияның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдары арасында челлендж басталғанын жариялаған.

«Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасында 18 наурызды Ұлттық киім күні ретінде атап өту ұсынылған. Әр сәрсенбі осы игі бастаманы жалғастырды сұраймыз, сонымен қатар мемлекеттік тіл күні – қазақ тілінде сөйлеп, хат алысып, сыртқы келбетіңізді ұлттық киім элементтерімен толықтыруды сұраймыз», – деді Серік Кеулімжаев қызметкерлерге.

ұлттық киім
Фото: «Қазақстан теміржолшысы»

Мерекелік пойыздар

Наурыз мейрамы қарсаңында елімізде ұлттық нақышта безендірілген мерекелік пойыздар салтанатты түрде жолға шықты.

Іс-шараға орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ Астанадағы вокзал перронында жолаушыларға шағын тосынсый ұйымдастырды. Жолаушыларды домбыра күмбірімен қарсы алып, наурызкөже мен бауырсақтан ауыз тигізді.

«Астана-Алматы» №3/4, «Астана-Шымкент» №85/86 мерекелік пойыздары және «Астана-Павлодар» электр пойызы бағыттары бойынша наурыз айының соңына дейін безендіріліп тұрады.

«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлері де ұлттық киімді дәріптеуге көңіл бөліпті. Әйел қызметкерлер қазақы нақышпен кестеленген көйлек киіп, оюлы әшекей таққан. Ал ер қызметкерлер шапан мен тақия киген.

Айта кетейік, Қазақстанда «Наурызнама» онкүндігі өтіп жатыр. Оның аясында Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытатын түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шаралар өтеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, «Наурызнама» онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған.

14-23 наурыз аралығын қамтитын «Наурызнама» онкүндігінің әр күніне атау беріліп, соған сәйкес түрлі шаралар өтеді.

Еске салайық, 21-25 наурыз аралығында 2024 жылдың ең ұзақ мерекелік демалыстары басталады. Осы апта қазақстандықтар небәрі 3 күн жұмыс істейді.

Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау аптасы басталды. Бұл мерекеде қазақстандықтар бес күн қатарынан демалады. Алматы мен Астанада ғана Наурызға орай 700-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз