1,3 млрд теңгеге алынған дәрілік заттар мүлдем пайдаланылмаған – Денсаулық сақтау министрі

Жарияланды (жаңартылды )
Кредиторлық берешегі ең көп 24 медициналық ұйым бар /Фото: kursiv.media

Елімізде 1,3 млрд теңгеге дәрілік және медициналық заттар алынғанымен, іс жүзінде олар пайдаланылмаған. Осылай деп мәлімдеген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмекті тиімсіз пайдалану проблемасы ушығып кеткенін жеткізді.

Ведомство басшысы комитет отырысында дәрілік және медициналық заттарды тиімсіз пайдалану фактілері соңғы уақытта жиілеп кеткенін атап өтті. Бұдан бөлек кредиторлық қарыз мәселесі де көңіл көншітпейді.

«Медициналық ұйымдардың дерегі бойынша, ақпан айында олардың кредиторлық берешегі 57,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мерзімі өткен қарыз көлемі 22 млрд теңгеге жетті. Бұл мәселені депутаттар корпусы үнемі көтеріп  отырады. Кредиторлық берешек себептерінің бірі – қаржылық тәртіптің болмауы және медициналық ұйымдарды тиісті деңгейде бақыланбауы», – деді Әлназарова.

Министр сөзінше, дәрі-дәрмектің шамадан тыс жиналуы және оларды кедергісіз жою медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығының нашарлауына үлкен қауіп төндіреді.

«Осылайша іріктеліп тексерілген кредиторлық берешегі ең көп 24 медициналық ұйым бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар 5,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеге дәрілік және медициналық заттар алынғанымен, пайдаланылмаған. Сонымен қатар жыл сайын 450 млн теңгеге жуық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар пайдаланылмай жойылады. Бұл тек 24 медициналық ұйымға жүргізілген талдау нәтижелері. Тиісінше,  дәрі-дәрмекті тиімсіз пайдалану проблемасы әлдеқайда ауқымды проблема. Бұған байланысты да жұмыстарды бастап кеттік», – деп түсіндірді министр.

Ведомство басшысы дәл осы 24 медициналық ұйымда негізсіз шығындардың көлемі бүгінгі күні  4,1 млрд теңгегені құрағанын айтты. Бұл қарыздың пайда болуының екінші себебі. Аталған медициналық ұйымдар кредиторлық берешегі бола тұра 1,6 теңге соммасына медициналық жабдық сатып алған. Одан бөлек 250 миллион теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізгені анықталды. Әлназарова кейбір медициналық ұйымдарда кредиторлық берешек бола тұра сыйақылар төлеу дерегі анықталғанын да ашып айтты.

«Жамбыл облысында 758,1 млн теңге қаражатқа қалалық көпбейінді ауруханада қаражатты жымқыру фактісі анықталған. «СҚ-Фармация» алдында дәрілік заттар үшін төлеуге арналған қаражат орындалған жұмыстардың актілерінсіз заңды тұлғаға аударылған. Кредиторлық берешек бола тұра сыйақыларды төлеу және 694 млн теңге көлеміндегі лауазымдық айлықтарды ұлғайту фактілері анықталды. Мысалы, Алматы қаласының бірінші көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісінің жалақысы 357 мың теңге болғанда 11 ай үшін 15 млн теңге төленді. Сондай-ақ, аға мейірбике жалақысы 185 мың теңге болған кезінде 7 млн теңге қаржыдан төленді. Жамбыл облысының қалалық көпбейінді ауруханасының кредиторлық берешегі бола тұрып, 391 млн теңгеге сыйақы төленген», – деді министр Мәжілісте өткен комитет отырысында.

Айта кетейік, еліміздегі 104 медициналық мекеме адам емдеуде тексерілмеген құрылғыларды пайдаланып келгені үшін 73 млн теңге көлімінде айыппұл арқалады. Бұл жайлы Техникалық реттеу және метрология комитеті хабарлады. Атап айтқанда, емханалар, госпитальдар, әскери госпитальдар мен лазареттердің қызметі тексерілген. Нәтижесінде олқылықтар анықталған мекемелерге жалпы құны 73 539 750 теңгені құрайтын айыппұл салынған.

Ал отандық өндірістегі дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлесін 50%-ға дейін арттыру мақсатында былтыр фармацевтика саласына 50,2 млн доллар инвестиция тартылған.

«Елімізде бүгінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын 15 жаңа кәсіпорын ашылды. Фармацевтика секторында 159 отандық тауар өндірушілер жұмыс істейді, олар 1018 дәрілік заттың және 1771 медициналық бұйымның түрлерін шығарады. Бұдан басқа, денсаулық сақтау мен ветеринарияға арналған 10 вакцина, 24 медициналық бұйым, 6 диагностикалық құрал және 1 паразитке қарсы препарат өндірісі жолға қойылған»,– делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, фармацевтика саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылы шамамен 50,2 млн доллар құрады.

Сондай-ақ оқыңыз