Министр Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жүйесін сынға алды

Жарияланды
Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға 15 млрд теңге жұмсалған / Фото: kursiv.media

Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың тиімділігі нөлдік нәтиже берді. Осылай деген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова саланы цифрландыру жүйесін сынға алды.

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысына қатысқан министр денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір жүйе тиісті деңгейде жұмыс істемейтінін атап өтті.

«Қазір біз айтып отырған кез-келген мәселе ашықтықты талап етеді. Бүгінгі жоспарлау кезінде, өкінішке қарай, біз цифрлық технологияны да пайдалана алмаймыз. Тек соңғы 5 жылда бұл мақсаттар үшін 15 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Алайда бұл іс жүзінде еш нәтиже бермеді, тиімділігі «0»-ге тең деп айтуға болады. Бірде-бір жүйе толық жұмыс істемейді, сала ресурстарын пайдаланудың ашықтығын басқаруда тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді», – деді министр.

Министр атап өткендей, қазіргі уақытта 35-тен астам медициналық-ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Қолданыстағы бұл жүйелер медициналық көмек көрсету процесін және дәрігерлердің жұмыс сапасын айтарлықтай қиындатады. Сонымен қатар сала басшысы цифрландыру мәселелеріне жауапты вице-министрді қызметінен босағанын мәлімдеді.

«Біз Цифрлық даму министрлігімен тиісті деңгейді белгіледік және осы салаға жауапты вице-министрді қызметінен босатты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады – бұл үлкен жұмыс блогы. Оны 2024-2025 жылдары аяқтау жоспарлануда. Бірақ қазір 2024 жылдың соңын бақылау кезеңі ретінде белгілеп жатырмыз», – деді ведомство басшысы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.

Ақмарал Әлназарова қазақстандықтарды медициналық көмекпен қамтуға қанша қаржы керек екенін де атап өтті.

«Министрліктен бастап дәрігер мен мейіргерге дейін мемлекеттік қаражатты пайдаланудың жоғары қаржылық тәртібін, тиімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Әділдік үшін биыл медициналық көмек пен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтерін сатып алуға 2,8 трлн теңге жоспарланып отыр. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепіл берілген көлемінің пакеті бойынша – 1,6 трлн теңге, МӘМС пакеті бойынша – 1,2 трлн теңге бөлінген. Бұл, әрине, қомақты қаражат және бұл қаражаттың тиімділігін біз өз тарапымыздан ұйымдастыруымыз керек», – деді ДСМ басшысы.

Ақмарал Әлназарова бюджеттен және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан шығатын әрбір теңгені назарда ұсайтынын жеткізді.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинят Министр DamuMed жүйесіндегі пациенттердің жеке кабинетіне бөгде адамдар кіргеніне қатысты түсініктеме берген еді. Экс-министр DamuMed пациенттерінің жеке медициналық карталарын бөгде адамдардың қарауын дербес деректер туралы заңнаманы бұзу, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру деп атады.

«Бұл – дербес деректерді сақтау ережесін бұзу. Егер ақпараттық жүйеге кіріп, пациент деректерін қарауға рұқсатпен логин-пароль болмаса, бұл ақпараттық жүйеге заңсыз кіру. Науқастың жеке медициналық картасын арнайы рұқсаты мен логин-пароль бар тек учаскелік дәрігер мен медбике көре ғана алады»,– деді министр.

Ғинияттың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің жүйеге сенбеуіне ешқандай себеп жоқ.

«Жүйе Цифрлық даму министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесінде аттестациялаудан өткен. Біз оған күмән келтіре алмаймыз», – деді экс-министр.

Бұдан бөлек жыл басында бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов денсаулық сақтау саласына 130 млрд теңгеден астам қаржы не үшін бөлінгенін түсіндіріп берген еді.

Әлихан Смайыловтың нақтылауынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетте басқа да шығыстардың (дәрі-дәрмек, азық-түлік, ғимараттарды күтіп ұстау қызметі, жабдықтар, коммуналдық қызмет) индексациясына 15 млрд теңге және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 50,3 млрд теңге бөлінеді.

«Медициналық көмек көрсету тарифінде медициналық емес қызметкерлердің жалақысын 20%-ға өсіру және жұмыс берушінің қызметкердің ай сайынғы табысының 1,5% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасын аударуы ескерілген», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз