МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, қатерлі ісік, туберкулез, қант диабетіне күдікті қазақстандықтар тегін тексеріледі – ДСМ

Жарияланды

Денсаулық сақтау министрлігі тиісті түзетулер енгізді / Фото: kursiv.media

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік маңызы бар ауруға күдікті қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, тегін тексерілетінін мәлімдеді. Бұл тізімге туберкулез, қант диабеті, онкология, гепатит және тағы басқа сырқат түрлері кіреді.  

Министр қазір нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

«Бұған дейін диагноз қою үшін клиникалық диагностикалық зерттеулердегі шектеулерге қатысты тұрғындардан көптеген шағым түсті. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдікті адамдар МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, клиникалық емдеу хаттамаларына сәйкес диагностикалық тексерулерден тегін өтуге мүмкіндік алады», – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Ведомство басшысының сөзінше, қазір қазақстандықтарға арналған медициналық қызметтер екі пакетке бөлінген. Олар – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру. Ал әлеуметтік ауруға күдікті науқастар міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлемесе, оларға тегін диагностикадан өту құқығы берілмейтін.

«Емделуші алуы тиіс қызметтердің бір бөлігі міндетті медициналық сақтандыру пакетіне кіреді. Яғни егер адамның сақтандыру мәртебесі болмаса, ол белгілі бір қызметтерді ала алмайды. Мысалы, қатерлі ісік скринингін алайық. Науқас оны ала алады, бірақ екінші кезеңде одан әрі  толық тексерілу үшін міндетті түрде сақтандырылуы керек», — деді Әлназарова.

Министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «медициналық пакеттер анық және бір-бірімен еш жерде қиылыспауы»  туралы тапсырма жүктегенін еске салды.

 «Бұл үшін қаржыландыру дұрыс құрылымдалуы керек. Бұл өте үлкен жұмыс. Біздің қателесуге құқығымыз жоқ, өйткені бұл миллиондаған азаматтарымыздың тағдырына қатысты. Аталған мәселе медициналық қауымдастықпен талқыланатын болады»,-деді министр мәжілісте өткен комитет отырысында.

Айта кетейік, Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне мыналар кіреді:

  • туберкулез;
  • адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру;
  •  созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
  • қатерлі ісіктер;
  • қант диабеті;
  •  психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (аурулары);
  • церебральды сал ауруы;
  • жедел миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай);
  • ревматизм;
  • дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары;
  • нерв жүйесінің дегенерациялық аурулары;
  • орталық нерв жүйесінің миелинсіздендіруші аурулары;

Еске салайық мәжілістің комитет отырысында Денсаулық сақтау министрі саладағы цифрландыру жүйесін сынға алған еді. Оның айтуынша, цифрландыру жүйесінің тиімділігі нөлдік нәтиже берген.

«Қазір біз айтып отырған кез-келген мәселе ашықтықты талап етеді. Бүгінгі жоспарлау кезінде, өкінішке қарай, біз цифрлық технологияны да пайдалана алмаймыз. Тек соңғы 5 жылда бұл мақсаттар үшін 15 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Алайда бұл іс жүзінде еш нәтиже бермеді, тиімділігі «0»-ге тең деп айтуға болады. Бірде-бір жүйе толық жұмыс істемейді, сала ресурстарын пайдаланудың ашықтығын басқаруда тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз