2024 жылы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға 900 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды
Былтыр ауылдық жерлерге 1 трлн теңге қарастырылды / Коллаж kursiv.media

2023 жылы ауылдардың әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да көздерден 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Биыл бұл мақсаттарға 900 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. 

Бүгінде Қазақстанда 6,2 мың ауыл бар. Оларда 7,6 млн адам тұрады. Бұл жалпы халықтың 38,4%-ын құрайды. 7,6 млн адамның 550 мыңға жуығы (7,5%) жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, яғни 43 мың теңгені құрайды. 357 мыңнан астам адам (4,7%) жұмыссыздар, 1,2 млн адам (33%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Министрліктің мәліметінше, ауылдардың құрылыс және қызмет көрсетумен қамтылу деңгейі 64,3 пайызды құрап отыр. Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау – 72,4%, Атырау – 70% және Ақтөбе облыстарында – 69,6% байқалады. Ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында – 58%, Ұлытауда – 57% және Абай облысында – 55,4%.

Бөлінген қаржы қалай жұмсалды?

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 771 ауылда 194 млрд теңгеге 1,8 мың жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ 113 млрд теңгеге 4,9 мың су құбыры және су бұру нысаны салынды, 85 емхана мен аурухана құрылысы жүргізілді.

«176 ауыл Wi-Fi HotSpot технологиясына қосылды, Starlink спутниктері арқылы ауыл мектептерін интернетке қосу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 2024 жылы бағдарламаға республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлініп, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны жүзеге асыру жоспарлануда», – деді министр. 

Ауылды дамытуға арналған қандай жобалар бар?

2023 жылы «Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға 554,7 млрд теңге бөлді. Оның ішінде 3 мыңнан астам жобаға 57,6 млрд теңге субсидия төленді. 2,5 мың жобаға 55 млрд теңге несие берілді.

«Іскер» несие бағдарламасы бойынша 22,3 млрд теңгеге 3,9 мың шағын несие, жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша 25,6 млрд теңгеге 7,2 мың шағын несие бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілді.

«Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында 2023 жылы 500-ден астам тауар өндірушілердің қатысуымен 20 аймақтық көрме өткізілді. Онда жергілікті шикізаттың 60 түрі анықталды. Сонымен қатар, инновациялық бизнес-идеяларға 897 млн ​​теңгеге 194 грант ұсынылды.

Мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік несиенің мөлшері 1500-ден 2500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Биыл 25 млрд теңге қарастырылып, 3,1 мыңға жуық маманды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Үкімет қосымша салықтар мен төлемдердің жекелеген түрлерін ауылдық бюджеттерге аударуды жоспарлап отыр, бұл олардың кірісін 2,5 есеге, 167 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр. 

Былтыр 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстан үкіметі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, республикада 6 295 ауылдық елдімекен бар. Онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн адам тұрады.

Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған.

Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз