Жаңалықтар

Мемлекеттік құпиялар шет мемлекеттерге қандай жағдайда беріледі?

мемлекеттік құпияларды
Мемлекеттік құпияларды шетелге беру халықаралық шарт негізінде ғана жүзеге асырылады / Фото: kursiv.media

Мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға беру қағидалары бекітілді. Осыған орай үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қаулысы жарияланды.

Бұл қаулы мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге
және халықаралық ұйымдарға беру қағидалары мен тәртібін айқындайды.

Мемлекеттік құпияларды беру Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет немесе халықаралық ұйым арасындағы халықаралық шарттарды орындау мақсатында жүзеге асырылады.

«Мемлекеттік құпияларды беру, егер Қазақстан Республикасы
ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік
құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның оларды беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады», –
делінген құжатта.

Мемлекеттік құпияларды шетелге беру үшін халықаралық шарттар жасасу қажет. Оларда міндетті түрде келесі жағдайлар ескерілуге тиіс.

  • Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттің және халықаралық ұйымның мемлекеттік құпияларды қабылдауды, сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілетті құзыретті органдары, оларда мемлекеттік құпиялар пайдаланылатын жұмыстарды жүргізуге құқығы болуы керек;
  • Қазақстан Республикасында және шет мемлекетте және халықаралық ұйымда берілетін мемлекеттік құпиялардың құпиялылық белгілерін (дәрежелерін) салыстыру, берілген мемлекеттік құпиялардың құпиялылық белгісін өзгерту немесе алып тастау тәртібі бекітіледі;
  • қабылдаушы тараптың құзыретті органдарының берілген мемлекеттік құпияларды салыстыруға болатын құпиялылық белгілерімен белгілеу жөніндегі, сондай-ақ оларды аудару, көшіру немесе көбейту кезіндегі талаптар сақталуы керек;

Сонымен бірге берілетін мемлекеттік құпиялар қабылдаушы тараптың заңнамасына
сәйкес қорғалуы керек және берілетін мемлекеттік құпияларды берген тараптың алдын ала жазбаша елісімінсіз үшінші тарапқа таратпау туралы міндеттемелер сақталуы тиіс.

Ал даулы жағдайларда мемлекеттік құпияларды рұқсатсыз таратудан болуы мүмкін залалды өтеу тәртібі қарастырылған.

Мемлекеттік құпияларды беру туралы шешім қабылдамас бұрын Қазақстан
Республикасының мемлекеттік органдары басшыларына көрсетілген мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік органдарға дәлелді ұсыныс жіберуі керек.

Онда:

  • мемлекеттік құпиялар кімге берілетіні;
  • мемлекеттік құпияларды беру мақсаты;
  • беру жоспарланып отырған мемлекеттік құпиялардың тізбесі, олардың
    құпиялылық дәрежесі, оларды кім және қандай негізде құпияландырғаны;
  • мемлекеттік құпиялар қандай мерзімге берілетіні;
  • мемлекеттік құпияларды берген жағдайдағы ықтимал экономикалық әсер
    және олар жарияланған жағдайдағы ықтимал залалды бағалау;
  • қабылдаушы тарап өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда
    залалды өтеудің болжамды тәртібі жазылады;

«Мемлекеттік құпияларды іс жүзінде беру халықаралық шартта және осы
Қағидаларда көзделген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі
шешімінің негізінде жүзеге асырылады, –
делінген құжатта.