274 компания. ҚНРДА қаржы пирамидасы белгілері бар ұйымдар тізімін жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
274 компания. ҚНРДА қаржы пирамидасы белгілері бар ұйымдардың тізімін жариялады / kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасы белгілері бар ұйымдардың кеңейтілген тізімін жариялады.

Тізімде 274 компания бар. Олардың ішінде «Газпроминвестхолдинг» ЖШС платформасы», «ҚазМұнайГаз инвестициялар» интернет жобасы және «Forte Invest» интернет жобасы тұр. Бұл  – белгілі инвестициялық компаниялардың атын пайдаланатын алаяқ құрылымдар.

Тізімдегі компаниялардың кепілдік берілген кірісті (мүліктік пайданы) төлеуге уәде беріп, азаматтар мен ұйымдардан ақша тарту бойынша қызмет белгілері бар. Оның ішінде іс-әрекеттеріне ҚНРДА-ға азаматтардан шағымдар түскен.

«Азаматтардың, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау үшін агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар, оның ішінде іс-әрекетіне ҚР азаматтарының ҚНРДА-ға шағым келіп түскен ұйымдар бойынша ақпаратты тұрақты негізде жаңартып отырады», – делінген агенттік хабарламасында.

Еске салайық, Алматының апелляциялық сот алқасы Mudarabah Capital деген қаржы пирамидасын құрушыларға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ақпаратты Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі растады.

Қылмыстық іс бойынша 10 адам сотталған еді. Оның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар.

Сот үкімімен:
Алмас Құрманғалиев 14 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дания Рахимова 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ержан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ерлан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры) 12 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Андрей Ча 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Самат Қасенов 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейіржан Төребаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Маңғыстау облысында қаржы пирамидасын құрушы 1 млрд теңгеден астам шығын келтіргенін жаздық.

Маңғыстау облысында салымшыларға 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген «Капитал мечты» қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жіберілді.

Ұйымдастырушы «Капитал Мечты» ЖШС қаржы пирамидасын құрып, басшылық еткені. Сондай-ақ ол мүлікті сенімгерлік басқару және ай сайын салынған ақшаның 10 пайызын төлеп отыру шарты негізінде салымшыларды тартқан. Сөйтіп қылмыстық әрекет нәтижесінде салымшыларға 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қаржы пирамидасының басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Сондай-ақ оқыңыз