ForteBank акциялары 16,7% арзандады: сарапшылар болжамы қандай?

Жарияланды
ForteBank акциялары арзандады / Коллаж: kursiv.media

ForteBank акциялары KASE-дегі үш апталық өсімнен кейін 16,7%-ге арзандады. 1,8 млрд долларға дейін көтерілген құнды қағаздар, 1,5 млрд долларға дейін құлдырады.

«Бірақ негізгі акционер одан аса шығынға ұшыраған жоқ», – деп жазды Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS).

Банк KASE индексіне кірмейді. Бұл биржа листингіндегі екінші эшелон (стандартты санат). Бұл ретте ForteBank-тің несиелік рейтингтері: S&P – BB- (болжам оң), Moody’s – Ba2 (оң), Fitch Ratings – BB (тұрақты).

Қазақстан банктерінің акциялары өткен жылы жақсы динамика көрсетті (KSPI, HSBK, CCBN).  Инвесторлардың  үмітін ақтады. Алайда бұл жайт аталған банктің қор нарығындағы қарқынына қолдау бола алмады.

Қаржы ұйымы айналымда 90 452 669 892 қарапайым акциясы бар және олар арзан тұрады. Себебі капитал шағын акцияларға бөлінген. 

ForteBank дивидендтік бағалы қағаз ретінде қымбаттауы мүмкін бе?

Статистикаға үңілсек, банк дивидендтер төлеуді 2017 жылы бастады. Мәселен:

·        2016 жылға – акцияға 0,05 теңге;

·        2017 – 0,085 теңге;

·        2018 – 0,127 теңге;

·        2019 – 0,2372 теңге;

·        2020 – 0,5951 теңге;

·        2022 – 0,5421 теңге.

«Бірақ 2020 жылғы рекордтық дивидендтің өзі 19 наурыздағы бағасымен салыстырғанда (7,5 теңге) 7,8% кіріс береді. Бұл теңгедегі депозит мөлшерлемесінен (жылдық 14-15%) әлдеқайда төмен», – деп есептейді QAMS сарапшылар.

Дивидендтер төлеу мәселесі шешілетін банктің жалпы жиналысы 17 сәуірге жоспарланған.

Акция бағасының құбылуы дивидендтер төлеу мүмкіндігімен байланысты

Жалпы еліміздегі банк секторы соңғы жылдары жоғары қарқынмен істеп келеді. Рейтингтік агенттіктер кірістіліктің жақсарғанын атап өтті. Барлық дерлік екінші деңгейлі банктердің рейтингтерін көтерді. Ал «Сентрас Секьюритиз» сарапшылары акция бағасының өсуіне дивиденд төлеу мәселесі ықпал ететінін атап өтті.

«Банк Центркредит» және Forte Bank-тің пайдасы соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Жоғары пайда дивидендтер төлеу мүмкіндігін білдіреді. Дивидендтік акциялардың өсуі көбінесе көктемде болады, сол кезде жыл сайынғы аудиторлық есептер жарияланады және дивидендтердің мөлшерін шамамен бағалауға болады. Менің ойымша, бұл банктер акцияларының өсуі, ең алдымен, дивидендтерді төлеу мүмкіндігімен байланысты. Мен сондай-ақ бөлшек инвесторлардың назарының артуы және осы банктердің акцияларының өтімділігінің төмендігі жағдайын жоққа шығармаймын», – деп атап өтті «Сентрас Секьюритиз» сарапшылары.

Осы тұста «Банк Центркредит» акцияларының бағасы да Қазақстан қор биржасында 1,1%-ға арзандады. Бірақ банк акциялары жыл басыны бері 70%, 2023 жылы  52,7% өсті. Салыстырар болсақ, қаңтар-ақпанда Касе индексі 14,7% динамика көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз